Гольфта айтарлықтай жетістікке жеткен қазақстандық спортшы Дәулет Төлеубаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамппен кездесті, деп жазады Prosports.kz.

Отандасымыз Стэнфорд университетінің гольфшылары қатарында АҚШ пен Канада колледждері мен университеттерін біріктіретін NCAA - Ұлттық университеттік спорт қауымдастығының чемпионы атанды.

Дәулет Төлеубаевтың командасы 12 жыл ішінде алғаш рет бұл чемпионатта топ жарып отыр. Командаға жеңіс әкелген сенсациялық матч туралы отандасымыз былайша еске елады:

«Бұл Америкадағы колледждер арасындағы турнир болатын. Мен біздің командадағы бес гольфшінің қатарында осы турнирге қатыстым. Жекелей сындағы жартылай финалда мен соңғы болып өнер көрсеттім. Біз ол кезде 2:2 есебімен тең түсіп жатқан едік. Соңғы ойында мен жеңіске жетіп, командамды финалға шығардым. Ал финалда біз жеңдік. Бұл бір менің ғана еңбегім емес, барлық команда мүшесінің жеңісі. Алайда сол жеңіске мен көмектестім», - деп келтіреді Төлеубаевтың сөзін 24kz.

Айта кетейік, әйгілі Тайгер Вудс да кезінде Стэнфорд университетінің командасында өнер көрсеткен. Ал қазір ол команда сапында қазақстандық Дәулет Төлеубаев бақ сынап жүр.