Футболдан Қазақстан премьер-лигасында дәл қазір ең үздік ойыншы деп айтуға болатын бір футболшы бар. Ол – Марин Томасов. Сөзімізге дәлел ретінде статистиканы да келтіре аламыз. Хорватиялық футболшы биылғы маусымда премьер-лигада 19 гол соғып, 14 нәтижелі пас шығарып берді.

Марин Томасов 27 қазан күні "Ақтөбе" қақпасына 4 гол соқты. Сөйтіп өзінің Қазақстан премьер-лигасындағы голдарының санын 35-ке жеткізді. Одан бөлек, Қазақстан чемпионатының ТОП-100 бомбардирлерінің қатарына енді. Тағы бір маңызды дерек, соңғы 16 жыл көлемінде Қазақстан премьер-лигасында бірде-бір футболшы покер жасамаған екен. Соңғы рет 2003 жылы "Ертіс" сапында Мүслім Агаев "Жетісу" қақпасына 4 гол соққан. Қазіргі кезде Томасов премьер-лиганың 2019 жылғы маусымында 19 голмен мергендер көшінде бірінші орында тұр. Хорват футболшысының қыркүйек айының үздік ойыншысы атанған. Енді жылдың үздік ойыншысы атануға үміткерлердің бірі.

Марин Томасов кім?

Марин 1987 жылы Хорватияның Задар деген шағын қаласында дүниеге келген. Өзінің айтуынша, өте көрікті шаһардың бірі. Ата-анасы Пашман аралындағы Доброполян қалашығында тұрады. Екі ағасы және бір әпкесі бар. Спорттағы алғашқы қадамын бауырларымен бірге бастаған.

"Маған бұл спорт түрі қатты ұнады. Алғашында "NK Sveti Mihovi" клубында жаттықтым. Одан кейін жергілікті қала аттас "Задар" клубына ауыстым. Футболшы болу бала күнімнен арманым болды. Сол кездің өзіңде 14-нөмірлі жейде киетінмін. Әлі күнге осы нөмірмен өнер көрсетіп жүрмін", - дейді Марин Томасов.

Қазақстан жайлы білді ме?

Марин Қазақстанға 2017 жылдың жаз айында келді. Нақтырақ айтсақ, 2017 жылдың 1 шілдесінде "Астана" бұл ойыншыны Хорватияның "Риека" клубынан жалға алды. Елімізге келмей тұрып ол Қазақстан жайлы "Астана" клубының Еуропадағы жетістіктері арқылы білген екен.

"Қазақстанға келмес бұрын аздап хабарым болды. Әсіресе, футболға қатысты естідім. "Астананың" Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты. Сол кезде бұл клуб туралы көп ақпарат тарады. Одан кейін мемлекет туралы біле бастадым. Бұл қала, айтары жоқ, өте керемет", - деді Томасов.