Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында қазақ күресінің атауын өзгерту керектігі сөз етілді, деп хабарлайды 24.kz сайты.

«Зерттеу бойынша қарасақ, Петропавл қаласында 1928 жылға дейінгі құжаттардың ішінде «қазақ күресі» деген атау жоқ екендігін айтқым келеді. «Қазақ күресі» деген атау кезінде «қазақша күрес» болатын. Ал 2000 жылдан бастап құжаттар «қазақ күресі» деп дайындалып келе жатыр. Атап айтқанда, 1928 жылға дейінгі құжаттарда біздің еліміздің ішінде «күрес», «балуандық күрес», «жекпе-жекке шығу», «күш сынасу» деген атаулар кезігеді. Бұны айтып отырған себебім, енді біз әлемдік деңгейге шықтық. Әлемдік деңгейде дзюдо күрес түрі бар және жекпе-жектердің арасында таэквондо, сондай-ақ басқа да додалар бар. Бұлардың барлығы бір елдің спорт өнері болса да, бірақ сол елдің атымен аталмайды. Мысалы жапонның дзюдо күресі демейді, қысқа ғана «дзюдо» деп аталады», - деді қазақтың балуандық өнерін зерттеуші Елемес Әлімханов.

Оның сөзіне қарағанда, әлемдегі кейбір түсініктер мен танымдар аясында қазақ күресінің ғана дамуына (Олипиада ойындарына енгізу барысында) кейбір шетелдік кедергілер бар.