Елімізде құрылған бірігей жоба - Arlan MMA Pro Team командасы үздік файтерлердің басын қосты. ONE FС ұйымының бұрынғы чемпионы Қайрат Ахметов, FN Global тұжырымының чемпионы Жалғас Жұмағұлов, M-1 Global тұжырымының чемпионы Сергей Морозов, әлемнің үздік промоушендерінің бірі ACA-де жұдырықтасатын Арман Оспанов және UFC-де алғаш жеңіске жеткен қазақ Дамир Исмағұлов бір командаға жиналды.

Осы орайда Азияның ең мықты промоушенінде өнер көрсететін Қайрат Ахметов алдағы жоспары, жарақаты және UFC-дің 12 дүркін чемпионы Деметриус Джонсонға қарсы жекпе-жек туралы пікір білдірді.

- Жарақатыңыздан толық айықтыңыз ба? Қалыпқа келу жаттығуы қалай өтіп жатыр?

- Қолым толықтай жазылды деп айту қиын. Бірақ та бұдан артық күте алмаймын. Октагонға шыққым келеді. Егер бәрі жақсы болса екінші ота жасатамын. Бірінші отаны елімізде жасатқаныма өкінемін. Қолымның сүйегі дұрыс бітпей, қайтадан пышаққа жатуға тура келді. Ендігі отаны Жапонияда жасатамын. Дегенмен жекпе-жекке шығамын деген ниет бар. Қолым 100 пайызға қозғалмайды. Жекпе-жек кезінде қалай боларын білмеймін. Бірақ жақсылап дайындалып, жұдырықтасамын деп үміттенемін.

Егер жарақатымның толық жазылғанын күтсем, жарты жыл уақытым кетеді. Алайда мен мұнша уақыт күте алмаймын. Әрине, денсаулық - бірінші орында. Бірақ біз кәсіпқой спортшы болғандықтан қиындыққа төзіп, оны еңсеруіміз қажет. Уақыт ешкімді аямайды. Соңғы жекпе-жегімнен соң біраз уақыт өтті.

- ONE FC ұйымынан қандай хабар бар?

- Әзірге белгісіз. Жекпе-жек өткізуге болатыны жайлы медициналық анықтаманы жібергенмін. Сүйегім дұрыс бітпегеніне қарамастан жекпе-жек өткізуге ниеттімін. Октагонға шығып, жұдырықтасқаннан соң бәрі белгілі болады.