«Ақтөбе» қақпасына покер жасаған «Астана» жартылай қорғаушысы Марин Томасов Премьер-Лиганың 31-ші туры аясындағы кездесу туралы пікірімен бөлісті:

- Біз алтын жүлдеге тағы бір қадам жасадық. Алаңда барлығы біз үшін оңай болып көрінгенімен, шын мәнісінде олай болған жоқ. Өз командама және бапкерге алғысымды білдіремін. Соғылған голдарда олардың еңбегі орасан. Бізді алда үш өте қиын кездесу күтіп тұр. Ол кездесулерде тек жеңіс үшін алаңға шығатын боламыз.

- Сіз Эсеоланы басып озып, сұрмергендер көшін бастадыңыз. Маусымның үздік сұрмергені атануға дайынсыз ба?

- Мен үшін бұл аса маңызды емес. Ең бастысы – командаға өз көмегімді тигізу. Мен үшін өз командамның турнирлік кестеде бірінші сатыда болғаны маңыздырақ.

- Өз мансабыңызда покер жасаған кезіңіз болды ма?

- Шынын айтсам нақты есімде жоқ. Мен бұл туралы ойламаппын да. Бүгін бір гол соқсаң, ертең екі немесе үш гол соғасың. Сондықтан, ол маңызды емес. Ең бастысы – жеңіс. Біз осы жеңісті жолымызды жалғастырамыз деген үміттемін. Дәл қазір біз үшін әр ойын финалға тең.

- «АЗ Алкмаарға» (0:6) қарсы ойын туралы не айтасыз?

- Мен осыған дейін айтқандай, Еуропа Лигасы бізге берілген қосымша бонус. Біздің қазіргі басты мақсатымыз – чемпионатта жеңіске жету. Дәл ондай ойын есебімен жеңілу жақсы емес. Дегенмен, бұл футбол. Бізге алға жылжу қажет.

- «Астана» Сіздің ойыныңызға бағынышты болып қалғандай... Не айтасыз?

- Жоқ, мен олай айтпаған болар едім.