Жеңіліс дәмін татпаған қазақ боксшысы Қанат Ислам Алматы төрінде намибиялық Уолтер Каутондоквамен жекпе-жек өткізеді. Осы орайда Qazaq лақап атымен танымал боксшы жекпе-жегіне қатысты пікір білдіріп, алдағы жоспарымен бөлісті.

«Бәрі сен тұр, мен атайын деген жігіттер»

Дайындығым тамаша. Ертең керемет бокс кеші болады. Менімен бірге шаршы алаңға артымнан ерген 9 інім шығады. Бәрі сен тұр, мен атайын деген жігіттер.

«Соңғы гонг соғылғанша қырағы жүру қажет»

Қарсыласым өте тәжірибелі боксшы. WBO рейтингінде 9-шы орында тұр. Соңғы жекпе-жегінде әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасты. Тек оны емес, бірінші кезекте өзімнің дайындығыма баса назар аударғым келеді. Қалжыңдайтын нәрсе емес. Соңғы гонг соғылғанша қырағы жүру қажет. Дегенмен 12 раундтың барлығында жұдырықтасуға дайындығым жетеді деп айта аламын.

«Спорт мектебін ашу жоспарда бар»

Жастарымыздың арақ пен темекіден аулақ болып, спортпен шұғылданғанын қалаймыз. Сол үшін спорт мектебін ашқымыз келеді. Денсаулығым жақсы болып, жағдайым жетсе бұған да жетеміз. Әр облыста 5 мың - 10 мыңнан балалар бокспен айналысады. Оның бір-екеуі ғана Олимпиадаға барады. Қалғаны не істейді? Qazaq Promotions-ке сұранып жатқандар көп. Күні кешеге дейін жекпе-жекке шыққым келеді деп хабарласқандар көп. Оның бәрін сыйғызу мүмкін. Дегенмен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын іріктеп, ертеңгі кешке шығарғалы отырмыз. Өзіміздің жігіттерді өзіміз көтермесек, сырттан келіп ешкім көтеріп бермейді.