Талдықорғандық «Жетісу» футбол клубының қақпашысы Алмат Бекбаев Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында биылғы маусым туралы және құрамаға шақыртылып жүрген легионерлер жайлы ойын айтты.

- Маусым аяқталуға жақын, алға қойған мақсатты орындай алдыңыздар ма?

- Маусымның аяқталуына үш ойын ғана қалды. Нәтижеміз жаман емес. Алға қойған мақсатымыз бесінші орын еді, сол межеде тұрмыз. Бірақ қалған үш ойында да жеңіп, бұдан да жоғары орыннан көрінуге тырысамыз. Неге барынша көп ұпай жинап, үздік төрттіктен көрінбеске?! Бұл маусым «Жетісу» үшін сәтті болды деуге болатын шығар. Астана, Алматы, Шымкент, Қостанай секілді аса ірі қалалардың командаларынан ғана қалып келеміз.

- Құрама бапкері Михал Билек сізді бақылап жүргенін айтты. Оның үстіне, ұзаққа созылған «құрғақ» ойындарыңыз да бар. Маусымдағы өнеріңізді өзіңіз қалай бағалайсыз?

- Билектің мен туралы айтқанын естідім. Өкініштісі мені құрамаға шақырған жоқ. Соған қарамастан маусымды жақсы өткізіп жатырмын деп ойлаймын. Голсыз сериялар сынды жеке рекордтарымды жаңарттым. Азулы «Астананы», «Қайратты» жеңдік. Бір әттеген-айы «Ордабасымен» кездесулерде ойынымыз жүрмеді...