Жуырда ғана алматылық «Қайрат» футзал клубына ауысқан Диваней «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісіне сұхбат берді.

- Алматыдағы өмірге бейімделдіңіз бе?

- Алғаш келгенімде қиын болды – жергілікті уақытқа үйрене алмадым, өйткені Бразилиямен салыстырғанда арасы тоғыз сағат екен. Қазір бәрі жақсы, бір апта өтті. Әріптестерім мені жылы қарсы алды. Ақырындап командаға бейімделіп жатырмын.  

- Бүгін «Тұлпармен» ойнасыздар, жалпы әріптестеріңіз қарағандылық команда «Қайраттың» басты қарсыласы екенін айтты ма?

- Әрине, басты қарсыламыз екенін айтты. «Тұлпар» - мықты команда, сапында жақсы ойыншылар көп. Леомен сөйлескенмін, ол маған «Тұлпардың» бірнеше ойыншылары жарақат алғанын айтқан болатын. Десек те, әр ойында бар күшімізді салып ойнауымыз қажет.

Алдағы мақсатымыз - Қазақстан мен Әлем суперкубогын ұту. «Қайрат» секілді командада ойнаған соң, тек қана жеңіс жайлы ойлауымыз керек.  

- Сіз үшін орыс тілің білмеуі үлкен кедергі ме?

- Иә, біраз қиындау. Бұған қоса ағылшын тіліңде білмеймін. Әйтсе де алаңда футболдың тілімен сөйлесеміз, сондықтан ойын тұрғыда бәрі жақсы.