«Қайрат» футзал клубының шабуылшысы Аслан Смақовтың «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

- Аслан, жаңа маусымға дайындық қалай өтуде?

- Дайындық жақсы өтіп жатыр. Бір айдан астам уақыт бойы жаттығып жүрміз. «Урал» кубогына қатысып, бірнеше жолдастық кездесулер өткіздік. Енді алдағы уақытта өтетін Әлем мен Қазақстан суперкубогына дайындалудамыз.

- Командаға 5-6 жаңа ойыншы келді, олармен тіл табысып үлгердіңіз бе?

- Арасында жұлдызды ойыншыларда бар. Бразилия құрамасының футзалшылары: Же, Диваней – оны біз УЕФА элиталық кезеңінде көрген болатынбыз. Дуглас – өте мықты қорғаушы. Бұл маусымда жақсы ойыншыларды сатып алдық деп ойлаймын.

- УЕФА Суперкубогы аясындағы қарсыласыңыз тай елінің «Чонбури» жайлы білесіз?

- Бапкердің айтқанынан ғана білеміз. Өте жылдам команда деп естідік. Оңай болмайтыны анық енді.

- Былтырғы маусымды «СКА-Юг» сапында өткіздіңіз, жалпы тараздық команда жайлы пікіріңіз қандай?  

- «СКА-Юг»-та біраз тәжірибе жинадым. Негізгі құрамда ойнап, «Қайратқа» қарсы кездесулерге қатыстым. Дегенмен, негативті жайттар да болды. Мәселен, жалақыны өз уақытында бермеді.

- Команданың бразилиялық ойыншылары жалақы бермегендіктен маусым ортасында командадан кетіп жатты деп естідім. Бұл рас па?

- Жоқ, олар ешқайда кеткен емес. Жалақы берілмеген соң, алаңға шығудан бас тартты. Ал, жергілікті ойыншылар бұған қарамастан соңына дейін ойнап, команда намысын қорғады.

- Команда қарызды өтеді ме?

- Жалақыны толық берді. Бірақ, қосымша табысымыз бен сыйақылар әлі күнге дейін берілмеді.

- «Қайраттың» бас бапкері Какау жаңа маусымда сізге үміт арттады ма?

- «СКА-Юг»-тан мүлдем басқа ойыншы келді деп айтты. Шеберлігімді ойында көрсетуге тырысамын.

- Қалай ойлайсыз, Қазақстан құрамасы Әлем немесе Еуропа кубогының ақтық кезеңіне шыға алады ма?

- Әрине, мүмкіндік бар. Ең бастысы – командамыз биік нәтижелерге талпынуы керек. Грузиямен өткен ойында біздің жігіттер мінез көрсетіп соңғы минуттарда есепті теңестіре алды.

- Жалпы қарағандылық «Тұлпар» мен ел чемпионатымыз соңғы жылдарда күшейді ме?

- «Тұлпар» жыл сайын күшейіп келеді. Мықты легионерлер келуде. Қарағандылық команда біздің ең басты қарсыластарымыз. «Жаңаөзен» командасы жақсы нәтиже көрсете бастады. Сонымен қатар, «Аят» та биыл чемпиондыққа таласуы әбден мүмкін. Футзалымыз даму үшін – міндетті түрде командалардың санын көбейту қажет.

- Жаңа маусым алдында команда басшылығы қандай мақсаттар қойды?

- «Қайрат» үнемі бірінші болуға тырысады. Біз – УЕФА кубогының жеңімпазымыз, Қазақстан чемпионатын қанша рет ұттық. Сондықтан, бізде бір-ақ мақсат – ол жеңімпаз атану.  

- Командадағы бразилиялық ойыншылар сіздің дамуыңызға кедергі келтіре ме әлде керісінше, көмектеседі ме?

- Жалпы бразилиялықтардан көп тәжірибе жинаймыз, футболшы ретінде көп нәрсе үйренеміз, десек те – олар барда біз сияқты жастарға орын табыла бермейді. Алаңға жиі шыққымыз келеді.

- Үлкен футболдан кішіге қалай ауыстыңыз?

- Туған қалам Семейде ойнап жүргенімде, мені «Цементник» мини-футбол клубына шақырды. Бірден келістім, сол уақыттан бері футзалды жақсы көремін.  

- Артынша, «Қайратқа» көштіңіз...

- 2008-ші жылы Алматыға оқу үшін келдім. Әуесқой футбол лигасы мен қала біріншілігінде өнер көрсетіп жүрдім. Сол кезде бір бапкер маған: «Қайратта» ойнағын келеді ме? Деп сұрады. Мен «әрине, ойнағым келеді» деп жауап бердім. Кейін, «Қайраттың» оқу-жаттығу жиынына қатысып, клубпен келісімшартқа отырдым.    

- Еліміздің ең мықты футзалшысы кім деп ойлайсыз?

- Ең мықты ойыншы – бұл біздің капитанымыз Дінмұхамед Сүлейменов. Үнемі бізге көмектеседі, кеңес береді. Бразилиялықтардан Жоан мен Же мықты.

- Семейде туыпсыз, демек бала кездегі піріңіз Самат Смақов болған шығар?

- Иә, Самат Смақов – Қазақстандағы ең мықты футболшылардың бірі. Бұған қоса екеуміз жерлеспіз.

Сұхбаттасқан: Қайсар ОҚАС