Елімізде кәсібін жетік білетін спорт менеджерлері саусақпен санарлық. «Спорт менеджері» мамандығын даярлайтын оқу орындары және жоқ. Дей тұрғанмен, осы бір кәсіпті меңгерген жандардың көбеюі бізді қуантады. Солардың бірі – Дидар Сағади. Он жылға жуық уақыттан бері Алматы қаласында өткізілген спорттық шаралардың басы-қасында жүрген Дидармен Prosports.kz тілшісі әңгімелесіп қайтқан еді. Кейіпкерімізбен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Дидар, соңғы кезде көрінбей кеттіңіз?..

- «Адам ауылдан кеткенімен, ауыл адамнан кетпейді» деген тәмсіл бар еді ғой. Тура солай спортқа қатысты айтар едім. Әлі де сол спорт саласының бір пұшпағын илеп жүрміз.