Бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбраимов «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісіне сұхбат берді. 

- Ермахан Сағиұлы, боксшыларымыздан Азия ойындарында қандай нәтиже күтесіз?

- Жақсы нәтиже күтемін. Басты мақсат – жалпыкомандалық есепте бірінші орын алу. Әйелдерді қосқанда, жалпы бокстан 13 алтын медаль сарапқа салынады. Соның кем дегенде үшеуін алуымыз керек. 

- Головкин - Рубио жекпе-жегі жайлы пікіріңіз қандай?

- Головкин Рубионы бесінші раундта құлатады деп ойлаймын. 

- Геннадийді өте жақсы таныйсыз, чемпионымыз жайлы не айта аласыз?

- Головкин – менің шәкіртім. Оң қол - сол қол демей екеуімен де жақсы ұрады. Соның арқасында кез келгенді нокаутқа ұшыра алады. Оның келесі жекпе-жегі бес раундтан артық созылмайды деп ойлаймын. 

- Оны орта салмақта ұта алатын боксшы бар ма, қалай ойлайсыз?

- Енді… Мэнни Пакьяо, Флойд Мэйвезер мен Маркос Майдана жақсы қарсылас бола алады. Басқалары Головкиннен әлсіз. 

- Кәсіпқой бокстағы өзге де былғары қолғап шеберлеріміз жайлы пікіріңіз қандай? Жақиянов, Шүменов, Ислам… 

- Қанат Ислам ақырындап көтеріліп келеді. Шүменовте мықты жұдырықтасқан, алайда өзінің соңғы кездесуінде жеңіліп қалды. Менің ойымша, оған реванш өткізу керек. Жақиянов болашақта чемпион болады деп ойлаймын. Жалпы, біздің боксшылар кәсіпқой бокста өздерін мықты қырынан көрсетуде. 

- 2016 жылы өтетін РИО Олимпиадасында біздің ұлттық құрамамыздан қанша алтын медаль күтуге болады?

- Алдын ала болжам жасағым келмейді. Бірақ, кем дегенде – бір алтын, бір күміс, бір қола медаль аламыз деген ойдамын. 

- Қазіргі боксшыларымыздың қайсысы кәсіпқой бокста биік белестерді бағындыра алады деп ойлайсыз? 

- Данияр Елеусінов пен Берік Әбдірахманов бақ сынап көре алады. Жәнібек Әлімханұлы да өте жас әрі мықты боксшы, алар биіктері алда.

Сұхбаттасқан: Қайсар ОҚАС