«Астана» командасының бас бапкері Роман Григорчук Еуропа лигасының екінші туры аясындағы «Астана» – «Партизан» арасындағы матч алдындағы баспасөз жиынына қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді:

– Қарсыласты толық зерттеп үлгердік деп ойлаймын. Олардық мықты және әлсіз тұстарын білеміз. Ертең командамның жақсы ойын көрсететініне сенімдімін. Бірінші минуттан бастап алаңға кімдер шығатынын түстен кейін анықтаймыз. Қазір ештеңе айта алмаймын.

– Ертеңгі ойынға барлық футболшы дайын ба?

– Логвиненко жарақатына байланысты командаға көмектесе алмайды. Ал қалған ойыншылардың бәрі 100 пайыз дайын.

– Еуропа лигасына қарағанда ішкі чемпионатқа көбірек көңіл бөлесіз бе? Қанша дегенмен үш күннен соң «Ордабасыға» қарсы маңызды ойын күтіп тұр...

– Біз үшін Еурокубогтағы әр ойын өте маңызды. Команда толық жасақталмаған болса да, ертең тәуекелге баруға тура келеді. Ертеңгі ойын барын және оған тыңғылықты күйде баруымыз керек. Біз жоғары деңгейде ойын көрсетіп, жеңіске жету үшін барымызды саламыз.

– Ертең Хижниченкоға ойнауға уақыт бересіз бе?

– Оның жағдайы қазір көңіл толарлықтай, әйтпесе оны алаңға шығармас едім. Біздің командада Хижниченко сияқты шабуылшы барына қуаныштымын. Оған бұндай кестеде ойнау оңайға соқпайтын анық, бірақ ол біз үшін маңызды ойыншы болып қала бермек.

– «Партизанның» мықты тұстарын айта аласыз ба?

– Олар шабуылда өте жақсы ойнайды. Футболшылары жылдам және кез келген шабуылды голға айналдыра алады.

– Мокиннің баспасөз мәслихатына қатысуы оның ертең негізгі құрамда алаңға шығатынын білдіре ме?

– Біз әр ойында әртүрлі футболшыны баспасөз мәслихатына шақырамыз. Бұл ешқандай да ишара емес. Ертең жасыл алаға кез келген футболшы шығуы мүмкін.