Қарағандылық «Шахтердің» аты аңызға айналған футболшысы Андрей Финонченко ойын мансабын аяқтағанына қарамастан, Қазақстан Кубогының үздік сұрмергендерінің қатарында көш бастап тұр. 2013 жылғы Қазақстан Кубогының иегері, қарағандылық команданың бас бапкерінің көмекшісі алдағы финалдың елшісі ретінде Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының баспасөз қызметінің сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
- Андрей Юрьевич, қарағандылық «Шахтермен» үш рет Қазақстан Кубогының финалына шықтыңыз. 2013 жылы үшінші талпыныс табыспен аяқталды. Маңызды ойында жеңіске жетудің басты факторы неде?
- Маңызды ойындарда жеңіске жетудің басты факторлары - өз күшіңе сену, шектен тыс концентрация, мінез және жасыл алаңда жан-тәнімен толық беріліп жұмыс істеу.
- Қазақстан Кубогының ойындарында 23 гол соқтыңыз. Бұл көрсеткіш арқылы Мұрат Тілешев екеуіңіз сұрмергендер көшін бастап келесіздер. Алайда, рекорд орнату үшін әлі көп уақыт қажет сияқты. Рекорд жаңартылғанын қалайсыз ба? Әлде көрсеткішті сақтап қалғыңыз келе ме?
- Әрине, футбол тарихында із қалдырғаныма қуаныштымын. Алайда, футбол бір орында тұрмайды. Отандық чемпионат жылдан жылға қарқынды дамып келеді. Тәжірибелі легионерлер де келіп жатыр. Көптеген командалар жас футболшыларға сенім артып жүр. Келешекте көрсеткішті жаңартатын ойыншылар табылады деп санаймын.
- Финалға «Қайсар» мен «Атырау» шықты. Командалар маусым бойы қандай ерекшеліктерімен көзге түсті?
- «Қайсар» – жақсы ұжым. Кез келген қарсыласқа қиындық тудырады. «Атырау» командасының биылғы маусымда ойыны жүрер емес. Алайда, алдағы кездесуде олар аутсайдер емес.
- Финал ойындарының тағдырын көп жағдайда жеке футболшылардың шеберлігі шешеді. Қатысушы командалардың қатарынан кездесу тағдырын шеше алатын бір-бір ойыншыдан атап өтсеңіз...
- Қызылордалық ұжымның қатарынан армениялық легионер Тигран Барсегян мен қазақстандық жартылай қорғаушы Асхат Тағыбергенді атап өтуге болады. «Атыраудың» сапында да білікті футболшылар жиналған. Алайда, нақты бір футболшыны бөле-жара айту қиын.
- «Атырау» үшінші мүмкіндігін мүлт жібермей кубокты ала ма? Әлде «Қайсар» жол бермейді ме? Болжам қандай?
- Бәрі де мүмкін. «Атырауды» осал деп санамаймын. Клубтың абыройы мен жанкүйерлердің құрметі алға қойылған. Жанкүйерлерге қуаныш сыйлау үшін бар күшін салады. Қызықты финал күтемін. Ең мықтысы жеңіске жетсін!
- Соңғы сұрақ. Бапкерлік қызметтен алған әсеріңізбен бөлісіп өтсеңіз. Әрі қарай жоспарыңыз қандай? Жанкүйерлер Андрей Финонченконы қарағандылық ұжымның бас бапкері ретінде көреді ме?
- Бапкерге қарағанда, ойыншы болу оңай. Командаға емес, тек нәтижеге жауап бересің. Футболшы көп заттарға мән бермейді. Бапкер болу қиын емес деп ойлайсың. Алайда, жұмыстың жауапкершілігі жоғары екенін түсінесің. Тәжірибелі мамандардан үйренерім көп. Бәрі де мүмкін.