Қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов 3 қараша күні Сергей Ковалев – Сауль Альварес жекпе-жегінің андеркардында өнер көрсетеді, деп жазады Prosports.kz .

Жерлесіміздің осы кештегі қарсыласы анықталды. Нұрсұлтанов 3 қараша күні Лас-Вегаста мексикалық Кристиан Оливаспен жұдырықтасады.

BoxRec.com сайтының хабарлауынша, 10 раундтық жекпе-жекте WBC (USNBC) нұсқасы бойынша АҚШ чемпионы титулы сарапқа салынады.

25 жастағы Нұрсұлтанов кәсіпқой бокста 12 жекпе-жек өткізген. Оның сегізін нокаутпен аяқтаған. Ал қарсыласы Оливас 21 жекпе-жек өткізіп, бес мәрте жеңілген. 13 рет нокаутпен жеңіске жеткен. Сонымен қатар, биыл сәуір айында Лос-Анджелесте Жәнібек Әлімханұлымен кездесіп, төрешілердің шешімімен жеңілген.

Айта кетейік, Нұрсұлтанов Челябинск қаласында өткен бокс кешінде ресейлік боксшы Артур Осиповты жеңген болатын.