«Астана» - «Қайсар» арасындағы кездесу елорда командасының пайдасына 3:0 есебімен аяқталды. Ойын соңында қызылордалық команда бас бапкері Стойчо Младеновтың қатысуымен баспасөз жиыны өтті, деп хабарлайды Prosports.kz елордалық клубтың ресми сайтына сілтеме жасап.

- Біз бүгінгі кездесуде көп қателікке бой алдырдық. Ал «Астана» сияқты командалар ондай қателіктерді мүлде кешірмейді. Үшінші голға келер болсақ, ол жәй ғана сәтсіздік. Ондай жағдайлар футболда орын алып тұрады. Біз бүгін ғана емес, осыған дейінгі біренеше ойында тек Кубоктың финалын ойлап жүрміз. Бұл біздің жұмысымыз болғандықтан, тек қана Кубокта емес, чемпионатта да жақсы ойын көрсетуіміз қажет. Бүгін ол біздің қолымыздан келмеді. Біз «Қайсардың» абыройын сақтап, алдағы жексенбі күні өтетін ойында қолдан келгеннің барлығын жасауға тиіспіз.

- Джон Джошуаны алмастыруыңыздың себебі неде?

- Джонның осыған дейін жарақаты болды. Бүгін ол Кубок алдында ойын тәжірибесін иелену үшін алаңға шығардық. Ол бізге финалдық кездесуге керек ойыншы. Думан Нәрзілдаевтың да жағдайы дәл сондай. Біз бүгін Марочкин, Ламанж және Тағыбергенге демалыс бердік. Біз үшін Кубоктың финалы өте маңызды. Сондықта да ротация жасап жатырмыз.

- «Қайратқа» қарсы кездесуде «Қайсардың» негізгі үш көшбасшы ойыншысы алаңға шыққан жоқ. Бүгін Григоренкодан басқасы ойнады ғой...

- Әр ойыншы өзінің негізгі құрамдағы орны үшін таласуы қажет. Сондықтан да бізде негізгі немесе қосалқы ойыншылар деген түсінік жоқ. Ал «Қайратқа» қарсы кездесу алдында Тигран, Думан және Джон Джошуаның жарақаттары болды. Біздің алдымызда Кубокты жеңу мақсаты тұрғандықтан, оларды сақтап қалуды жөн көрдік.

- Марсель Исламкулов осы маусымда сәтсіз ойын көрсетіп келеді. Футболшының сәтсіз ойынын немен байланыстыра аласыз?

- Мен сіздердің алдарыңызда ойыншыларға жекелей баға бергім келмейді. Қателіктерді өз арамызда талдайтын боламыз.