Атақты балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров күрестен әлем чемпионатына қатысқан Қазақстан құрамасының өнеріне бағасын берді.

«Біздің спортшылардан Жадраев қана ұнады. Жеңіске деген құлшынысы мен бойындағы күш қайраты әрбір қимылынан, іс-әрекетінен байқалып тұрды. Өкінішке қарай жартылай финал жолында қарсыласына жол беріп қойды. Құрамамыздағы өзге спортшылардың жанарларынан «от» байқамадым. Осынау маңызды да байрақты бәсекеде өзін барынша көрсетуге тиіс болған спортшыларымыз кілемде көрінбей қалды. Жігіттеріміз функционалдық және психологиялық тұрғыда дайын болмай шықты. Неге екенін бапкерлерден сұрау керек. Биылғы нәтиже еліміз үшін өте ұятты. Сараптама жүргізген соң нәтиже шығарып жағдайды түзеуге құлшынуымыз керек», - деді Үшкемпіров.

Естеріңізге сала кетейік, Өзбек елінде өткен әлем чемпионатында Қазақстан атынан 24 спортшы өнер көрсетіп, бірде-біреуі жүлде ұта алмады.