Ел біріншілігінің 27-туры тосынсыйларға толы бола қойған жоқ. Дегенмен бірнеше күні бұрын даңқты «Олд Траффордта» «Манчестер Юнайтедке» қарсы ойнаған «Астана» бүгін Талдықорғанда «Жетісудан» жеңілгенін айта кету керек.

Турдың шымылдығын «Оқжетпес» пен «Ертістің» арасындағы матч ашты. Турнирлік кестеде көрші тұрған қос команданың кездесуінде жалғыз гол ғана соғылды. Милан Стоянович соққан голдың арқасында көкшатаулық команда үш ұпай еншілеп, жарыс кестесіндегі 9-шы орнын сақтап қалды.

«Оқжетпес» - «Ертіс» - 1:0 (0:0)

Гол соққан: Стоянович 63

Биыл чемпиондықтан дәмелі «Қайрат» Қызылордада «қасқырларға» қарсы ойнаған. Бұл ойында қонақтар жеңіске жетті. Алайда алматылықтар үшін үш ұпай оңайлықпен келген жоқ. Қорғаушы Раде Дугалич соққан жалғыз гол ойын тағдырын шешіп кетті. «Қайрат» турнирлік кестеде екінші келе жатса, «Қайсар» 6-шы сатыда нық тұр.

«Қайсар» - «Қайрат» - 0:1 (0:0)

Гол соққан: Дугалич 56

Жоғарғы лигадағы орнын сақтап қалу үшін таласып жүрген «Тараз» бен «Атыраудың» арасындағы матчта жеңімпаз анықталмады. Ресейлік шабуылшы Исламнур Абдулавов «мұнайшыларды» 62-ші минутта есепте алға шығарымен, араға 9 минут салып Әлішер Сүлей таразы басын теңестіріп кетті. Негізгі уақыттың аяқталуына 4 минут қалғанда қонақтардың сапындағы украиналық қорғаушы Ризван Аблитаров командасы үшін жеңісті голды соққандай көрінген. Әйткенмен «Тараз» мергендерінің бірі Элгуджа Лобжанидзе 94-ші минутта жамбылдық команда үшін бір ұпайды жұлып алды.

Екі команда турнирлік кестеде көршілес тұр. Қос ұжымды бір ғана ұпай бөліп тұр.

«Тараз» – «Атырау» 2:2 (0:0)

Голдар: Сүлей 79, Лобжанидзе 90+4 – Абдулавов 62, Аблитаров 86

Турнир кестесінде көш бастап тұрған «Тобыл» жеңіліссіз сериясын жалғады. Қарағандыға қонаққа барған қостанайлық ұжым үйге үш ұпаймен қайтты. Тең өрбіген матчтың соңғы санаулы минуттарында Фернандо Кассайдың соққан добы «Тобылға» жеңісті сыйлады.

«Тобыл» 58 ұпаймен көш бастап тұрса, қарағандылық «Шахтер» 7-шы сатыға жайғасқан.

«Шахтер» — «Тобыл» 0:1 (0:0)

Гол: Кассай 89

Турдың басты сенсациясы Талдықорғанда тіркелді. Ел чемпиондары ойынды сәтті бастаған. 8-ші минутта Ротариу есепті ашып, матчтың 80-ші минутына дейін жанкүйерлер голды көре алмады. Алдымен Тошев таразы басын теңестірсе, арада 9 минут өткен Айбар Жақсылықов командасына жеңісті жұлып әперді.

Күтпеген нәтижеден соң «Жетісу» мен «Астана» турнирлік кестеде көрші жайғасты.

«Жетісу» – «Астана» 2:1 (0:1)

Голдар: Ротариу 8 – Тошев 80, Жақсылықов 89

Шымкенттік ұжым өз алаңында ұпайдан шашау шығарған жоқ. Аутсайдерді қабылдаған «Ордабасы» қарсыласының қақпасына төрт гол соқты. Бұған жауап ретінде «Ақтөбенің» сапынан Әжімов көзге түсті.

Осылайша үш ұпайға қол жеткізген «Ордабасы» турнирлік кестеде «Астананы» сырғытып, үшінші орынға жайғасты. Ал «Ақтөбе» көш соңында.

«Ордабасы» – «Ақтөбе» 4:1 (2:0)

Голы: Щеткин 14 (1:0), Досмағамбетов 42 (2:0), Әжімов 65 (2:1), Ерланов 71 (3:1), Ковальчук 89 (4:1)