Бүгін, 22-қыркүйекте Қазақстан премьер-лигасының үш матчы өтеді, деп жазады Prosports.kz.

Сағат 16.00-де Талдықорған қаласында жергілікті «Жетісу» мен «Астана» кездеседі. Биыл елордалықтардан екі рет ұтылып қалған жетісулықтар қалай да есе қайтарғысы келеді. Ал «Астананың» өз есебі бар. Топ басында келе жатқан «Қайраттан» 6 ұпайы кем нұрсұлтандықтар 3 ойын кем өткізген. Үш ұпай алуды басты мақсат санайды олар.

Қарағандыда «Шахтер» мен «Тобыл» ойнайды. Қостанайлық клуб жеңіске жетіп жатса, алматылықтарды басып озып, турнирлік кесте шыңына барып қонжия кетеді. Дей тұрғанмен өз алаңында көп ешкімге ұпай ұстата бермейтін кеншілердің де көкейінде жеңіс тұр. Сұраққа жауапты 16.00-де аламыз

«Ордабасы» өз алаңында ҚПЛ-дың айқын аутсайдері «Ақтөбені» қабылдайды.Шымкенттіктер қайткен күнде де үздіктер қатарынан көрінуді қалайды. Ол үшін тек жеңіс керек. Қарсыластың қарымы да белгілі. Матч Нұр-Сұлтан уақытымен 18.00-де басталады.

Еске сала кетелік, Қазақстан премьер-лигасы турнирлік кестесінде алматылық «Қайрат» 56 ұпаймен топ бастап тұрса, «Тобыл» 55 ұпаймен өкшелеп келеді. «Астана» 50 ұпаймен үшінші орында тұр.