Инчхонда өтетін Азия ойындарынан жүлдемен оралған спортшыларға берілетін сыйақылар жария етілді, деп хабарлайды 24.kz тілшісі.

Сонымен Азиададан алтынмен оралғандарға – 10 мың АҚШ доллары, күміс жүлдегерлерге – 5 мың, ал үшінші орын алғандарға 3 мың АҚШ доллары табысталады. Бұған қоса, спортшылардың бапкерлеріне де сыйақы қарастырылған. Шәкірті алтын алған бапкер – 5 мың, «күміс бапкер» – 3 мың, ал қола медаль иегерінің бапкері 2 мың АҚШ долларын алады.

Естеріңізге саламыз, Ұлттық құраманы шығарып салу рәсімінде еліміздің көк туы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовке салтанатты түрде табыс етілді. Инчхондағы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.