Футболдан Қазақстан қыздар құрамасының бас бапкері Рәзия Нүркенова әйелдер футболындағы мәселелер жөнінде сөз қозғады, деп жазады Prosports.kz ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- 2021 жылғы Еуропа чемпионатының алғашқы ойынынан кейін көп уақыт өтті. Сербиямен ойынды талдап шықтыңыз ба?
- Ойыннан кейін талдау жасап, жіберген голдардың себебін анықтадық. Алғашқы таймда ойынға қойылған жоспарды орындады, алайда, екінші таймда физикалық дайындық жетіспеді. Жаттықтырушылар штабы әр ойыншыға қателіктермен жұмыстың қорытындысын жіберді.
- Екінші таймда біздің футболшылар қақпа алдында жатып алғандай болды. Қарсыластан қаймықты ма, әлде күш жетпеді ме?
- Футболшылар жеңіске жетуге ұмтылды.Тек алғашқы голдан кейін ойын қарқынын азайтып алдық. Сонымен қатар, бірінші таймда болмаған тактикалық қателіктерге бой алдыра бастадық. Әрі қарай физикалық және психологиялық дайындықты жалғастырамыз.
- Македония және Франция құрамаларына қарсы дайындық қалай болмақ?
- Сербиямен өткен ойыннан кейін дайындықты бастап кеттік. Қарсыластың ойындарына сараптама жасадық. Мәселен, Македония қыздары Австриядан 0:3 есебімен ұтылды. Алайда, олар қорғаныста өте жақсы ойнады. Өрескел қателіктер жіберген жоқ. Австрия футболшылары үшін қарсыластың қорғанысын бұзу оңай болмады. Ал, Франция құрамасы - әлемнің үздіктерінің бірі. Оларға қарсы ойнау кез келген еуропалық командаға қиынға түспек.
- «БИИК-Қазығұрт» футболшылары Чемпиондар лигасында жақсы ойнап жүр. Турнирдің 1/8 финалына шығуға мүмкіндік бар ма?
- «БИИК-Қазығұрт» - еуропалық турнирде жақсы ойнап, нәтиже көрсете білетін команда. Олардың қатарында Қазақстан құрамасының футболшылары ойын тәжірибесін жинайтыны қатты қуантады. Егер «БИИК-Қазығұрт» футболшылары жарысты әрі қарай жалғастыратын болса, онда Қазақстан чемпионатының екінші командасы келесі маусымда еурокубок турниріне қатысу құқығына ие болмақ. Біздің чемпионатта бәсекелестік те арта түседі. Ең бастысы - ойыншылардың халықаралық тәжірибесінің мол болуы. «Андерлехтпен» өтетін қарымта ойынды тамашалап, біздің командаға қолдау көрсетеміз.
Комментарии