Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Красножан «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісіне сұхбат берді.

– Юрий Анатольевич, Тәжікстанға қарса ойында сіз жаңа тактикалық өзгерістер енгізген болатынсыз.

– Біріншіден, әртүрлі тактикалық өзгерістер енгізу үшін мұндай жаңашылдар бізге қажет. Екіншіден, ойыншыларымызды аталмыш схеманың арқасында қай позицияда ойнағаны дұрыс екенін анықтауға болады. Мәселен, бізде мықты орталық қорғаушы жоқ, сол үшін үш бірдей ойыншыны қорғанысқа қоямыз. Меніңше, бұл схема біз үшін дұрыс. «Астана» АИК-ке қарсы тура осы схемада ойнаған болатын, сол кезде Шомко, Бейсебеков, Жолшиев пен Фокси өздерін мықты қырынан көрсеткен болатын.  

– Қазақстандық футболшылардың деңгейі жайлы айтып берсеңіз?

– Алдымен, футболшылардың деңгейі төмен болмағанына олар еш кінәлі емес. Жас кезінде оларға футбол негіздері дұрыс үйретілмеген. Сондықтан, олар қазірде жаттығып, бала кезіндегі қателіктерін түзеуде. Десек те, олар мықты футболшылар, ең бастысы – бір орында тұрмай, ары қарай еңбек ету керек. Сол кезде бәрі жақсы болады.  

– Бапкерлер құрамына кіретін Кумыков пен Бабаяннан өзге, қай жаттығушылармен араласасыз?

– Шыны керек, барлығымен қарым-қатынас орнату қиын. Себебі олардың командалары үш-төрт күн сайын ойнайды, сондықтан оларды жаттығудан үзгім келмейді. Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізген командалардың бапкерлерімен сөйлескенмін. Владимир Никитенкомен «Теректе» жұмыс істедік, бұған қоса бір қалада туғанбыз. Владимир Вайсспен ол «Сатурнды» баптап жүргенде танысқанмын. Жуырда үздік алтылыққа енген «Қайсардың» бас бапкері Огаймен әңгімелескенмін, «Ордабасы» мен жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Саулюс Ширмялиспенде жиі сөйлесеміз.

– Қазақстанның бұрынғы бас бапкері Мирослав Беранек ойыншыларды босаңқы ұстаған еді. Сол себепті ұлттық құраманың ойыншылары бетімен кеткен деп естідік. Бұл рас па?

– Шындыққа жанаспайтын шығар. Менің қол астымда ондай әлі болған емес. Командада тәртіп өте қатал болу керек. Өзара жиналыс ұйымдастырып бұл мәселені талқылап тастағанбыз.  

– Демек, сіз әлі ешкімді жазалаған жоқсыз?

– Жоқ.

– «Ақтөбенің» жаңа бас бапкері Владимир Газзаевпен сөйлесіп үлгердіңіз бе?

– Қазақстанда онымен әлі сөйлескен жоқпын. Оның командасы үш-төрт күн сайын ойнайды. Кездесіп жатсақ, әлбетте сөйлесеміз. Жалпы «Атырау» мен «Ақтөбенің» бапкерлері Никитенко мен Газзаевқа сәттілік тілегім келеді.

– Екінші құраммен ойнаған Венгриядан жеңілгеннен кейін біздің жігіттер аталмыш ойыннан сабақ алды ма?

– Бұл Венгрияның екінші құрамасы болған жоқ, тек қана жетекші ойыншылары  ойнамады. Венгрияда футбол өте жақсы дамыған, оны әрбір адам біле бермейді. Футболы жоқ мемлекет деп айтып жатады, бірақ бұл өтірік. 50-60-шы жылдары көшбасшы футбол елдерінің бірі болған. Егерде Қазақстанда Премьер-лига мен Бірінші лига ғана бар болса, оларда 9 лига бар.

Соңғы кездері Андрей Сидельников жиі қателісуде. Бұның себебі не?

– Белгілі бір себептер бар. Андрей Ресейде бағы жанбаған соң, Қазақстанда өзін мықты қырынан көрсеткен қапашы. Тіпті оны қазақстандық ойыншы деп айтуға толық негіз бар. Денесіне клубының атын жаздырып адал ниетін білдірді ғой жақында. Андрей тырысып, талпынып қатарынан екі жыл Қазақстанның үздік футболшысы атанған болатын. Өте мықты жігіт, өз бабына ақырындап еніп келе жатыр.

– Ұлттық құрамамыз іріктеу кезеңі аясында Голландия құрамасымен кездеседі, олардың бас бапкері Гус Хиддинкпен таныссыз ба? 

– Жақын таныс емеспін. Бірақ ортақ достарымыз бар. Жалпы Голландия құрамасын алатын болсақ, олардың ойыны әлем біріншілігіндегідей болмайды.

– Біздің топтағы барлық командалардың ойын өрнегін зерттеп алдыңыз ба?

– Зерттедік. Бірақ қазірге ең керегі, бұл Латвияға қарсы ойын (сұхбат Латвияға қарсы ойын алдында алынған).

– Қазан айында ұлттық құрамамыз үш күн ішінде Голландия және Чехия құрамаларына қарсы ойнамақ. Сіздің ойыңызша команда бұл ойындарға дайын ба?

– Барлық командалардың жағдайы бірдей. Иә, қиын болатыны анық. Бірақ біз жиынға көп футболшыларды шақырып, арасынан ең дайын деген ойыншыларды таңдап аламыз.

– Ұлттық құрамамыз Талғардағы табиғи алаңда жаттығып, ойындарын Астанадағы жасанды алаңда өткізеді. Қалай ойлайсыз, бұл дұрыс па?

– Сізде басқа ұсыныстар бар ма? Бізде ұлттық құрамамыздың өз базасы бар, онда U-17 мен U-21 жаттығады. Қырғызстан мен Латвияға қарсы ойындар алдында дайындықты Астанада өткізгенбіз. Голландия мен Түркияға қарсы кездесу алдында жаттығуды олардың жерінде өткізгіміз келеді. 

– Біздің шабуылшыларымыз физикалық тұрғыда әлсіз. Бұл мәселе жайлы ой-пікіріңіз қандай?

– Антропометрия әрине маңызды. Бойың Исламхандікіндей болып қорғаныста ойнасаң бұл кедергі болу мүмкін. Ал шабуылшыларға бойдың биіктігі аса маңызды емес. Мұнда техникалық шеберлік керек.    

– Тәжікстанмен өткен ойында Исламхан қазіргі ұлттық құрамамыздың жетекші ойыншы екенін дәлелдеді...  

– Исламханның болашағы зор. Шабуылдағы ойын Бауыржан арқылы жүру керек.  

– Ұлттық құраманың ойындар кестесіне көңіліңіз толады ма?

– Оны өзгерту жайлы ұсынысымыз бар. Оны федерация мен премьер-лига басшыларына айтамыз. Өйткені, бар жағдай ұлттық құраманың пайдасы үшін жасалуы тиіс деп ойлаймын.

– Көптеген бапкерлер бейнероликтер арқылы ойыншыларын жігерлендіреді. Сізге бұл әдіс таныс па? 

– Иә, біз бұны қолданғанбыз. Дегенмен, уәж білдіру әдісі әртүрлі болу керек. Клубта бұл әдісті жиі қолданатынбыз, ұлттық құрамада жоқ.

– Шмидтгаль мен Энгельдің неге шақыртылмағанын айтқан болатынсыз. Олардың нәтижелерін тамашалап жүрсіз бе?

 – Әрине, сондай-ақ Хижниченконың ойынын бақылап жүрміз. Бірақ, әлі өз көзімізбен олардың кездесулерін көрген жоқпыз, бұның қажеті де жоқ. Олардың қалай ойнайтынын жақсы білеміз. 

– Хижниченко Польша чемпионатында әлсіз өнер көрсетуде. Бұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Иә, мүмкін ойыны жүрмей жатқан болар. Бірақ Польшада жүргеніне небәрі жарты-ақ жыл болды. Ең бастысы – ол жалақыға қарамастан Еуропаға ұмтылды. Сондықтан, Сергейдің болашағы әлі алда.