Белгілі төреші Равшан Ирматов «PRОСПОРТ Қазақстан» тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.  Әлем чемпионатының жауапты матчтарында қызмет көрсеткен әйгілі өзбек төрешісі туралы ...

«PROСПОРТ» анықтамасы:

Равшан Сайфиддинұлы Ирматов (Өзбекстан) – 2003-ші жылдан бастап ФИФА төрешісі

Туған жері: 9-ші тамыз 1977-ші жыл. Ташкент қаласы, КСРО.

Бойы: 183 см. Салмағы: 73 келі.

Равшан Ирматов Өзбекстан чемпионатының бірінші лигасында «Газалкент» командасында ойнаған. Ауыр жарақаттың кесірінен 19 жасында үлкен футболмен қош айтысты. Әкесі Сайфиддин Ирматовтың кеңесімен Равшан төрешілікке бет бұрды. 23 жасында Өзбекстан чемпионатында өзінің алғашқы матчында қызмет етті. 2003-ші жылы ФИФА мүшесі атанды. Сондай-ақ, сол жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жұмыс жасады. Ал 2007-ші жылы 20 жасқа дейін жастар арасындағы әлем біріншілігінде еңбек етті. Бір жылдан кейін клубтар арасындағы әлем чемпионатында «Манчестер Юнайтедпен» эквадорлық ЛДУ арасындағы кездесуде қазылық етті. Кейін, Азия чемпионатының Жапония-Австралия матчында, клубтық әлем чемпионатының «Сантос»-«Барселона» ойынында, Олимпиада ойындарында жұмыс істеді. Равшанның жұлдызы 2012-ші жылғы жарқ ете түсті. Ол Оңтүстік Африкадағы әлем мундиалының ең алғашқы кездесуінде қазылық етті. Ирматов қатарынан төрт жыл (2008, 2009, 2010 и 2011) Азианың ең үздік төрешісі атанған. Ал Worldreferee.com сайтының мағлұматына сүйенсек Равшан Ирматовтың орташа көрсеткіші 7,7 ұпай. Яғни ол әлемнің ең үздік төрешісі болып есептеледі. Мысалы, итальяндық қазы Николо Риццоли 7,4 ұпаймен тек қана үшінші орында.  

Қазіргі таңда Равшан Ирматов әлемдегі ең мықты төрешілердің бірі екені сөзсіз. Ол төрешілер арасында әлем чемпионатында ең көп матчта жұмыс істеген қазы. 2010 жылы ОАР-да бес матч өткізсе, араға төрт жыл салып Бразилияда төрт ойында қазылык еткен. Бұған дейін ешқандай төреші Әлем чемпионатында тоғыз матчта жұмыс істеп көрмеген. Бұл төрешілер арасындағы нағыз рекорд болып саналады. Футболдың санақ-өлшемімен Равшан – әлі де жас қазы. 2018, 2022 жылғы әлем чемпионатына қатысуы да ықтимал.

- Равшан, «PROСПОРТ Қазақстан» оқырмандары атынан сізді өтіп кеткен туған күніңізбен құттықтаймыз. Әлем чемпионатына футболшылардан кем дайындалмайтын шығарсыз...

- Жалпы дайындық Оңтүстік Африкадағы әлем чемпионатына ұқсас болды. Алдымен, әлемнің ең мықты төрешілерің шақырды. Көптеген семинар, тренингтер өтті. Өзіңіз білесіз ғой, төреші 90 минут бойы қатесіз жұмыс істеп келе жатып, бір үлкен қате жіберсе, оның карьерасын аяқтауы мүмкін. Сондықтан, өз жұмысымызды мұқият, адал атқаруымыз қажет. Осылайша, әлем чемпионатына басты 25 төреші және 8 қосалқы төреші таңдалды.

- Бразилияда ФИФА төрелік корпусы қалай жұмыс істеді?

- Барлық төрешілер ФИФА-ның қызметкерлерімен бірге Рио-де-Жанейродағы қонақ-үйде тұрды. Ал ойынға екі-үш қалғанда төрешілер өз матчтарына аттанатын. Бразилия – үлкен мемлекет. Кейбір қалаларға жету үшін бес сағат ұшатынбыз. Ойын аяқталған соң, қайта Риоға оралып жаттығуымызды жалғастырдық. Бізбен бірген әлемнің ең мықты инструкторлары жұміс істеді. Әрбір қатемізді айтып тұрды. Зико атындағы футбол орталығында жаттығатынбыз. Жалпы барлығы керемет деңгейде өтті.

- Бұқаралық ақпарат құралдары Аргентина-Германия арасындағы финалдық кездесуде сіз жұмыс істейсіз деп жазған болатын. Себебі оның алдында жартылайфиналдық ойындарда сіз қазылық еткен жоқсыз...

- Бұрында ФИФА төрешілерді тағайындаған кезде командалардың құрлықтарына көңіл бөлетін. Ал биылғы Әлем чемпионаты қарсаңында ереже өзгерді. Меніңше, бұл дұрыс. Финалдық кездесуге бізді тағайындамағаны үшін ренжіген жоқпыз. Керісінше, итальяндық әріптесіміз Николо Риццолиге қуандық. Ол ақтық ойында тамаша төрелік етті.

- Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатына шығуға жақын болған. Тек қана бір ұпай жетпеді. Жалпы, сіздің ойыңызша, Өзбекстан құрамасы финалдық кезеңге қашан шығады?

- Жақын арада шығады деп үміттемін. Өзбекстан футболы соңғы алты-жеті жылда қатты дамыды. Инфрақұрылымы жоғарылады. Бұл үшін біздің президентке алғысымды айтамын. Көптеген стадиондар салынып жатыр. Балалар футболына көп көңіл бөлінуде. Еліміздің жастар құрамасы Әлем чемпионатында өнер көрсетіп жүр. Біздің ұлттық құрамамыз 2018-ші жылғы Әлем чемпионатына жолдама алып, 30 миллион халқымызды қуантады деген ойдамын. 

- Сіздің мансабыңызда 100 астам халықаралық кездесу болды. Соның арасында ерекше есіңізде қалған қай ойынды атай аласыз?

- Халықаралық ойындардан арасында есте қалатыны - әлем чемпионатының кездесулері. Әрбір мундиалдың матчы – ерекше. Әрине, ӘЧ – 2010-дағы ОАР-Мексика матчының орны ерекше. Бұл мен үшін күтпеген жайт еді. Біз төрешілер арасындағы ең жас бригада болатынбыз. Есімде, 6-шы маусым күні бізді тұсаукесер ойынға тағайындады, отырған төрешілер үндемей қалды, себебі  аң-таң болаған. Артынша, бізге қол шапалақтап, сәттілік тіледі. Келесі күні БАҚ: «Ирматов? Кім бұл? Өзбекстан – бұл қай ел?» деп жазған болатын. Мундиалдың тұсаукесер матчы өте маңызды болып есептеледі. Әйтсе де біз бұл матчта қатесіз төрелік еткен болатынбыз.

- Ойыншылардың қаншалықты деңгейі жоғары болса, соншалықты төрешіге жұмыс істеу жеңіл деген рас па?

- Келісемін. Жоғары деңгейлі ойыншылар сирек қателеседі. Ал техникалары төмен ойыншылардан не күтерін білмейсін. Бұл әрине төрешілердің жұмысын қиындатады.  

- Өзіңізді рекордсмен ретінде қалай сезінесіз?

- Иә (күледі), рекорд орнатқанымызды сосын барып білдік. Голландия – Коста-Рика матчына бізді тағайындаған кезде әріптестеріміз құттықтай бастады. Кейін, уругвайлық инспектор Хорхе Ларрионда маған келіп «Құттықтаймын, сен менің рекордымды бұздың. Менде сегіз матч болған, сенде енді тоғыз» деді.

- Равшан, сіздің жұмысыңыз өте ауыр. «Неғұрлым биік ұшсаң, соғұрлым төмен құлаған ауыр» деген белігі мақал бар емес пе. Белгісіз жайттардан қорықпайсыз ба?

- Өте орынды мақал. Қазіргі таңда төрешілерге көп көңіл бөлінеді. Бұрында: «Кіммен кім ойнайды?» деп сұраса, қазір: «Кім төреші?» деп сұрайды. Десек те, адам - пенде болған соң қателеседі. Бұндай жағдайлар болып тұрады. Футбол жыл сайын дамып келеді. Орташа төрешілер әр матчта 15-16 шақырым жүгіреді. Сондай-ақ, әр ойында төреші 3-4 келі тастайды. Әр кездесу – ағза үшін үлкен стресс. Сондықтан, қателеспеу мүмкін емес. Ең бастысы – бұны әдейі істемеу. 

- Футболға қомақты қаржы құйылады. Бұған қоса, төрешілерді «сатып алу» дегенді естіп жатамыз. Жанкүйерлер төрешілердің үйлерін өртеген кездер болыпты...

- Қуанышқа орай, менде ондай оқиғалар болған жоқ. Егерде төреші біржақты төрелік етсе, бұл футболшылар мен жанкүйерлерді алдағаны емес пе. Біздің елде бәрі тыныш. 

- Отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз...

- Менің ең басты жанкүйерлерім – бұл менің егіз балаларым: Билол мен Ясмина. Жақында ғана екеуі төртке толды. Бразилиядағы матчтар түнде көрсетілгеніне қарамастан, олар ұйықтамай ойынды күтетін. Бразилиядан жиі хабарласатынмын.

- Белгілі тұлғаға айналғаныңызбен жұлдыз ауруына шалдықпапсыз...

- Көп адамдар мені танып жатады. Суретке бірге түсуді, қолтаңба сұрайды. Асығыс болсамда, үнемі «иә» деп жауап беремін. Жұлдызды аурумен ауырмаймын. 

- Сізді журналистер көп сынайтын шығар?

- Журналистердің жұмысын құрметтеймін. Өте ауыр жұмыс. Сұхбат беруден ешқашан қашпаймын. Дегенмен, бос уақыт менде аз. Үнемі ойындар, жаттығулар. Әлем чемпионатына дайындық барысында Өзбекстанда жеті ай болмадым.

- Егерде төрешілерге ойын аяқталған соң ойыншылармен жейде ауыстыруға рұқсат етілсе, кімнің жейдесін алар едіңіз?

- Арьен Роббеннің. Ұлы футболшы, өмірде өте қарапайым адам. Голландия – Костра-Рика ойыны біткен соң, оған: «Арьен – ұлы футболшысың. Сенің миллион жанкүйерлерің бар. Олар сені ойының мен голдарың үшін сүйеді, бірақ симуляция үшін емес» дедім. Бірінші тайм аяқталған соң симуляция жасағым келіп еді, сіз қасымда болдыңыз, сондықтан жасаған жоқпын деді Арьен. Мен күлдім де, онда сары қағаз алар едің деп жауап бердім. 

- ӘЧ–2014-те жаңа жүйелер енгізілді. Аталмыш жаңалықтар жайлы пікіріңіз қандай? 

- Жаңа жүйе – Hawk-eye (қаршығаның көзі) деп аталады. Бұл доптың қақпаға кірген-кірмегенін анықтайды. Барлық төрешілерге арнайы сағат беріледі. Доп қақпаға кірген сәтте, сағаттың бетінде: GOAL! Деген жазу шығады. Маған бұл жүйе ұнады.  

- Қазақстандық әріптестерге не тілер едіңіз?

- 2010-шы жылы тамаша стадион «Астана Аренада» Қазақстан мен Оман арасындағы жолдастық кездесуінде қазылық еттім. Содан бері, Александр Мазманян мен Олег Соколовпен жылы қарым-қатынастамын. Ал қызылордалық төреші Ақмал Холматов менің жақын досым. Қазақ футболына үлкен белестерге тезірек жетуін тілеймін! Сондай-ақ, мықты төрешілердің көбірек болғанына тілектеспін.

- Равшан, сұхбатыңызға көп рақмет. Сізге тек қана сәттілік тілейміз!

- Рақмет. «PROСПОРТ» атынан бізге Бразилияда қолдау көрсеткен барша қазақстандықтарға өз алғысымды айтамын.