Қарқаралы қаласының 190 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған атжарыс пен қазақша күрес жеңімпаздарына жеңіл көліктер тарту етілді, деп хабарлайды Ұлттық спорт түрлерінің ресми сайты

35 шақырымға шапқан аламан бәйгеге 21 сәйгүлік қатысты. Жер тарпыған тұлпарлардың ішінде Қарқаралының тұрғыны Әділбек Досжанның аты оза шауып, жеңіл көлікке ие болды. 2-орынды Ақшатау қаласынан келген Сексенов Мәдікен, 3-орынды Жамбыл облысы Қордай ауданынан ат баптап қосқан Өсербаев Мұрат ұтып алды. 20-шақырымдық тоқ бәйгеге шабандоздар 17 ат қосты. Елдің делебесін қоздырған бәйгеде Қарқаралының тұрғыны Нұрлан Тельманның мерейі үстем болды. Шабандозға мотоциклдің тізгіні ұстатылды. 2-орынды Көкшетаудан келген Усманов Улрет, 3-орынды Абай қаласынан ат терлетіп келген Сейсен Бексұлтан қанжығасына байлады.

Қазақша күрестен өткен белдесуге әр салмақ бойынша отызға жуық балуан қатысты. 80 келі салмақ арасында болған сайыста Қарқаралының балуаны Ағыбаев Қайратқа тең келер ешкім болмады. Қайратқа жеңіл көліктің кілті табысталды. Осы салмақ бойынша 2-орынды жергілікті спортшы Ашимбаев Дамир иемденді. 70 келі салмақ дәрежесінде боз кілемде теңдессіз шайқас көрсеткен Қарқаралының балуаны Сыздықов Едіге жеңіп алды. Едіге мотоцикл мініп қайтты. Осы салмақта 2-орынды Сейсембеков Медет иеленді. 60 келі бойынша 1-орынды қарқаралылық Искаков Нұрлан, 2-орынды Қарағандыдан келген Мәуленин Әбілқайыр бөлісті. 80 келіден жоғарылар арасында болған белдесуде 1-орынға танымал спортшы Искаков Дәулет, 2-орынға Шет ауданының балуаны Шынкеев Олжас лайық деп танылды. Балуандардың барлығына бағалы сыйлықтармен марапатталды.