2020 жылы өтетін Еуропа чемпионаты іріктеу кампаниясында Қазақстан құрамасы 7 ұпай жинап, І тобының үшінші орнына жайғасты. Бельгия мен Ресейді қуып жету теориялық тұрғыда болмаса былайша мүмкін емес сияқты. Prosports.kz тілшісі аталмыш топтағы жағдайды саралап көрген.

Өткен түнде Қазақстан құрамасы Никосияда Кипрмен тең түсті. Алексей Щеткин ұлттық құрама сапындағы алғашқы голына көрімдік сұрады. Тіпті екінші минутта соғылған гол кипрліктерді есеңгіретіп тастағандай көрінді бізге. Алаң иелерінің бақытына орай, Сотириу есепті теңестіріп кетті. Біздің жігіттер соққан голдан кейін ашық футболға көшті. Бұл Михал Билектің жаңа тактикасы болатын. Бәлкім сырт алаңда мұндай ұстаным керек те емес шығар, алайда ойынның жалпы мазмұны жанкүйерлерге ұнағаны анық. Жә, айтпағымыз ол да емес. Ұлттық құрамамыздың қарсыластары туралы жеке-жеке сараптап көрейік.