WBA, WBO және WBC тұжырымары бойынша жеңіл салмақтағы әлем чемпионы, украиналық Василий Ломаченко (14-1, 10 KO) келесі жекпе-жегін IBF белбеуіне таласу үшін өткізбейтіндігін растады.

«Менің мақсатым - барлық титулдарды біріктіріп, әлемнің абсолютті чемпионы болу. Негізі, соңғы белбеу (IBF белбеуі) үшін де айқасқым келеді. Бірақ ол биыл болмайды. Келесі жекпе-жек абсолютті чемпион атағы үшін емес», - деді Ломаченко.

IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы Ричард Комми өзіне тиесілі белбеуін желтоқсанда Теофимо Лопеске қарсы кездесуде қорғауға міндеттелген.

Естеріңізге сала кетейік, украиналық боксшы 31-тамызда Лондондағы бокс кешінде Люк Кэмпбеллді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіп, WBC атағын жеңіп алған болатын.