Бүгін елордасы Астана төрінде Қазақстан құрамасы ЕУРО-2016 додасының іріктеу кезеңіне дайындық ретінде Қырғыз футболшыларымен жолдастық кездесу өткізді.

Соңғы рет қос құрама оңтүстік астанамыз Алматы қаласында кездескен болатын. Орталық стадионда өрбіген матчта Қазақстан құрамасы 5:2 есебімен жеңген еді.

Астана Арена алаңына шыққаннан бастап Қазақстан құрамасы допты барынша иеленуге, қарсыласқа шабуыл жасатпауға және де территориялық басымдықты бермеуге тырысты. Алаң иелері сапынан алғашқы соққыны капитандық белгіні тағып шыққан Таңат Нөсербаев жасады. Оның қақпа маңына жақындап барып тепкен добы Қырғыз қақпашысының қолынан табылды. Бұдан кейін Қазақстан құрамасы ұзақ уақыт бойы қарсыласының осал жерін іздеп бақты. Жанкүйерлердің қуанышына орай, 28-ші минутта «Корона» шабуылшысы Сергей Хижниченко есепті ашты. Бірер минут өткеннен кейін алаң иелері есепті еселеді. Исламханның көтерген бұрыштама добынан кейін қақпашы Матяш өрескел қателік жіберді. Оңтайлы тұста тұрған Таңат Нөсербаев соққы жасап, есепті 2:0-ге дейін жеткізді. Алғашқы таймның аяқталар тұсы жақындағанда Хижниченко есепті іріге дейін жеткізді. Исламхан сол қапталмен өтіп, қақпа маңында тұрған Сергейге пас асырды. Ол өз кезегінде жартылай бос қақпаны дәл көздеді.

Екінші таймның 10-шы минутында алаңға тыңнан қосылған Ұлан Қонысбаев қақпашымен жеке шыққан тұста Исламханға берді. Бауыржан өзінің Ұлттық құрамадағы екінші голын соқты. 70-ші минутта Бауыржан Жолшиевтың соққан голына Қырғызстан құрамасы жауап қайтарды. Бірден қарымта шыққан қонақтар екінші таймда Сидельниковтың орнына шыққан Мокиннің қателігін сәтті пайдаланып кетті. Қазақстан қақпасына гол соққан Қайрат Жыргалбек уулу еді. Кездесудің аяқталуына 10 минут қалғанда Ұлан Қонысбаев көзге түсті. Ал 86-шы минутта дәл осы Ұланның пасынан кейін Азат Нұрғалиев матчтың нүктесін қойды. Осылайша, Қазақстан құрамасы Қырғызстан командасын 7:1 есебімен жеңіп, дайындығын бір пысықтап алды.

 

 

Жолдастық кездесу.

Қазақстан – Қырғызстан – 7:1 (3:0)

Голдар: Хижниченко (28, 43), Нөсербаев (35), Исламхан (54), Жолшиев (69), Қонысбаев (81), Нұрғалиев (87) – Жыргалбекулы (71)

Қазақстан: Сидельников (Мокин 45), Воротников, Абдулин, Смақов (Дарабаев 78), Исламхан (Нұрғалиев 63), Мирошниченко, Нөсербаев (к) (Қонысбаев 45), Шомко, Богданов, Хижниченко (Жолшиев 58), Логвиненко (Гурман 45)

Қырғызстан: Матяш (Кашуба 60), Шакиров, Усанов, Байматов (к), Аджиниязов, Сыдыков, Шарипов (Филатов 89), Кичин, Власичев (Тетте 57), Кум (Жыргалбекулы 30), Мурзаев (Есенкулулы 67)

Астана, «Астана-Арена», 5 қыркүйек, 2014 жыл.

 
Видео sports.kz спорттық порталынан алынды.