Токиода өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатының үшінші жарыс күні де қазақстандық балуандар үшін сәтсіз болды, деп жазады Prosports.kz.

Бүгін ерлерден 73, қыздардан 57 келідегі спортшылар татамиге шыққан.

Өкінішке орай, 73 келіде бақ сынаған Жансай Смағұлов бірінші белдесуінде израильдік балуан Тохар Бутбулға есе жіберді.

Ал 57 келіде белдескен Севара Нишанбаева екінші айналымда панамалық спортшыдан жеңіліс тапты.

Айта кетейік, Токио төріндегі әлем біріншілігінің бірінші күні құрама қоржынына бір қола медаль түскен. Оны 60 келідегі Елдос Сметов алып берді. Ал екінші жарыс күні қанжығамыз бос қайтты.