Бүгін Жапонияда дзюдодан әлем чемпионаты басталады. Төрткүл дүние көз тігетін Токиодағы турнирге жер жаһаннан 147 елдің 841 дзюдошысы, соның ішінде Қазақстанның 16 үкілі үміті қатысады. Осыған орай, Prosports.kz сайтының тілшісі жанкүйер сенімін кімдер ақтауы мүмкін деген сұрақтың жауабын таппаққа талпынып көрген болатын.

Қазақстанда дзюдо спорты аса жылдам қарқынмен дамып келеді. Содан болар, Күншығыс еліне елеңдейтіндердің қарасы өте көп. Оны әртүрлі әлеуметтік желілердегі жазбалар мен пікірлерден байқаймыз. Бақсақ, Сметов пен Галбадрахты жүлдегер ретінде көреді жұрт. Бұл басқаларына күмәнмен қарайды деген сөз емес. Күні бұрын дзюдодан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Айдын Смағұлов «Әрине, нақты ештеңе айта алмаймыз. Бәрін бір Алла біледі. Дегенмен, мақсатымыз - бір алтын, бір қола медаль алу. Медаль саны бұдан да көп болуы мүмкін. Балуандардың барлығы да бабында», - деген болатын. Сол екі жүлденің иесі Елдос пен Отгонцецег болады-ау деп болжайды ел. Елдос та «Әлем чемпионатына қызу дайындық жүріп жатыр. Қарсыластарымның бәрі - қайрауы жеткен қылыштай. Бүгінге дейін үздік бестіктегі дзюдошылардың барлығымен күрестім. Рейтингте қазір бесінші орында тұрмын. Менен төменгі орындағы балуандардың да біразын білемін. ТОР-20 қатарындағы спортшылардың барлығымен дерлік кездестім. Бұйырса, бар күшімді саламын. Олардың да маған дайындап отырған тосынсыйы бар шығар. Бірақ мен де аянып қалмаймын», деп жанкүйерлерінің көңілін орнына түсіргендей болды.

«Сырт көз – сыншы» демекші, құраманың қазанында қайнап жүргендерден гөрі, сырттай тілеулес болып отырған бірнеше адамның пікірін білген едік.