«Еуро-2015» іріктеу додасының аясында ертең Қазақстан жастар құрамасы әлемдегі алпауыт командалардың бірі Франциямен кездеседі. Бұл жерлестеріміз үшін осы іріктеу додасындағы соңғы ойын болмақ.

Матч қарсаңында Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Саулюс Ширмялис пен команда көшбасшыларының бірі Абзал Бейсебеков баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

— Франция құрамасының әлеуеті әлемге әйгілі. Бізге жақында ғана әлем чемпионы атанған жастар келе жатыр, - деп бастады жастар құрамасының аға бапкері Саулюс Ширмялис. Сол әлем чемпионы атанған жастарының тоғызы бүгінде осы командада. Бұдан бөлек, футболшыларының көбі өз клубтарында негізгі құрамда өнер көрсетеді. Бұл да біздер үшін көп нәрсені аңғартса керек. Сондықтан, бізді қиын сынақ күтіп тұр. Франциямен болатын ойын біздің шамамыздың жеткені қайсы екенін көрсетеді.  

Абзал Бейсебеков:

— Француздарға лайықты қарсылық танытып, алаңда бар өнерімізді көрсетеміз. Ешқайсымыз да аянып қалмаймыз.

— Абзал Бейсебековке сұрақ. Франция жастар құрамасымен бір жыл бұрын кездескенсіздер. Содан бері бұл команданың әлеуеті қаншалықты өзгерген?

— Иә, Франция құрамасы біршама өзгерген. Ол командада Эльяким Мангала сынды мықтылар ойнаған. Қазір олар жоқ. Бірақ сол жігіттерден еш кем емес футболшылар келіп жатқанын көрудеміз. Қарсыласымыздың қарымына қарамастан алаңда бар өнерімізді көрсетуге тырысамыз.  

Бұдан кейінгі сұрақтар Саулюс Ширмялиске қойылды.

— Команданың матч алдындағы жағдайы қалай?

— Жағдайымыз мәз емес. Жеті ойыншымыз жарақатына байланысты алаңға шыға алмайды. Иә, бұл әзіл емес. олардың бәрі де негізгі құрамда ойнай алатын жігіттер. Негізінен қорғаныстың ойыншылары. Яғни, соңғы Исландиямен болған ойынымызбен салыстырғанда бүгін біздің қорғанысымыз түбегейлі өзгеруі мүмкін. 

— Ендеше қарсыламызды немен таңғалдыра аламыз?

— Франция құрамасы қай қарсыласымен болса да күштерін өлшеп жұмсайды. Ойынның бірінші минутынан соңына дейін ойын тізгінін өз қолдарында ұстауға тырысады. Дегенмен, біз де француздарды аяп қалмауға тырысамыз. Біз де өзіміздің мықтылығымызды дәлелдеуіміз керек. 

— Команданың шабуылдағы ойыны негізінен Бауыржан Исламхан арқылы өрбуші еді, оны енді кіммен алмастыра аласыздар? 

— Ерекше ойлай білетін Георгий Жуков бар. Басқа вариант көріп тұрған жоқпын. Жалпы, Баторикті алмастыру қиын. Ол өзіндік орны бар ерекше футболшы. Әлбетте, оның жоқтығы қатты білінетін болады. Исламхан секілді ойыншылар біздің чемпионатта көп емес. Дегенмен, жастар құрамасының жұмысы да сол - яғни, ұлттық құрамаға ойыншылар дайындап, жаңа дарындар табу.

kff.kz