Қазақстандық боксшы Нұрзат Сабыров 26 қыркүйек күні Канаданың Монреаль қаласында жекпе-жек өткізеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

BoxRec порталының мәліметінше, Сабыров мексикалық Бруно Сандовалмен жұдырықтасады. 28 жастағы солтүстік америкалық спортшы екінші орта салмақтағы WBC Latino «уақытша» чемпионы. Бруно осыған дейін 24 кездесу өткізген (20 жеңіс, 3 жеңіліс және 1 тең есеп).

25 жастағы Сабыров болса профи-рингте 10 мәрте жекпе-жек шықты. 9-ында қарсыластарын нокаутқа жіберіп, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтаған. Тек бір мәрте ғана төрешілер шешімімен жеңіс тойын тойлаған.

Еске сала кетейік, Нұрзат соңғы рет шаршы алаңғы осы жылдың маусым айында шыққан еді. Ол кезде қазақ боксшысы мажарстандық Ласло Тотты екінші раундтың басында нокаутқа жіберіп, жеңімпаз атанды.

Сонымен қатар, осы бокс кешінің басты жекпе-жегінде қазақстандық Батыр Жүкембаев (16-0, 13 КО) шаршы алаңға шығады. Ол бірінші орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Мигель Вазкезге қарсы айқасады.