Алматылық «Қайрат» футбол клубының қақпашысы Дмитрий Хомич біздің сайтқа «Шахтерға» қарсы өткен матч туралы және алдағы «Рубинмен» жолдастық кездесу жөнінде бірер ауыз пікірін айтты. 

- Өздеріңіз көрдіңіздер, біз ойынды асықпай бастадық. Сол себепті болар, қателік жіберіп, қақпамызға гол соғылды. Бірақ бірінші таймның соңына қарай доп басымдығына ие болып, стандартты жағдайдан гол соқтық. Үзілісте біраз сөз естіп алдық. Екінші таймда бапкердің бізге артқан міндетін ойдағыдай атқарып шықтық. Жылдам қозғалып, маңызды голдар соқтық. Барлық жігіттер жарады.

- Ойын соңында қақпаны голдан аман сақтап қалдың. Бұл шеберліктің арқасы ма, әлде жолың болды ма?

- Команда әрбір матчта жеңіске жеткісі келеді. Бар болғаны осы. Әркім жүз пайызға беріледі, алаңда команда жеңіске жетуі үшін барын салады. Осындай кезде ғана, сені жеңістер күтеді.

- Таблода 6:1 есебі тіркелгенде команда бәсеңсіреп қалатын еді...

- Мен жігіттерге ойынды бәсеңдетпесін деп айқайлап тұрдым. Жақсы команда 6:4 есебімен жеңуі мүмкін емес. 90 минут бойы сақ қозғалу қажет.

- «Шахтермен» қайта-қайта ойнау қиын емес пе? 

- Бұны біз ойлап тапқан жоқпыз. Жарыс кестесі осындай. Сол бойынша келеміз.

- Қазақстан Кубогының жартылай финалындағы қарымта кездесу осылай өтеді ме?

- Біз қазір бұл туралы ойламаймыз.  Қазандық «Рубинге» қарсы алдағы ойынға дайындалудамыз. Одан кейін сырт алаңда қызылыордалық «Қайсармен» кездесеміз.