Елордалық «Астана» УЕФА Еуропа лигасының плэй-офф кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.

Қазақстан чемпиондары төртінші кезеңге жолдама тағдырын Нұр-Сұлтанда өткен «Валеттаға» қарсы алғашқы матчта шешіп қойған еді. Ол ойында Роман Григорчук командасы Мальта чемпиондарын 5:1 есебімен ойсырата ұтқан болатын.

Сырт алаңдағы қарымта матчқа «Астана» бей-жай қарамады. Алғашқы минуттардан қарсыласына бас көтертпеген қазақстандық ұжым бірінші таймның аяғына дейін екі голды соғып тастады. Бұл матчта Роман Мұртазаев пен Марин Томасов кім көп гол соғады деп өзара таласқан секілді. Екі шабуылшы да әр таймда бір-бір доптан қарсылас қақпасына тоғытты.