Тамыздың 14-нен 15-не қараған түні Ыстамбұлда ағылшындық командалар - «Ливерпуль» мен «Челси» УЕФА Суперкубогында кездеседі. Түркиядағы бұл қала «қызылдар» үшін жақсы таныс. «Ливерпульдің» әрбір жанкүйері үшін 2005 жылғы Чемпиондар Лигасының финалы тәтті естелік. Prosports.kz Суперкубок үшін болатын кездесу алдында осыдан 14 жыл бұрынғы орын алған, футбол тарихындағы ең үздік матчтардың бірін еске түсіріп көрмек.

Атағынан ат үркетін «Миланға» қарсы

Кафу, Алессандро Неста, Паоло Мальдини, Андреас Пирло, Кака, Андрей Шевченко, Эрнан Креспо. Сол кездегі «Миланның» құрамы. Бәрінің жарқырап тұрған шақтары. Тізгінде - Карло Анчелотти. «Ливерпульге» ешкім сенген жоқ. Мұндай команданы жеңу мүмкін бе? Итальяндықтар алғашқы минуттардан бастап шеберліктерін дәлелдей бастады. Алғашқы секундтарда Мальдини гол соқты. 39-шы және 44-ші минуттарда Креспо дубль жасады. Чемпиондар лигасының финалы. Бірінші таймнан кейін 0:3!