Жуырда ғана семейлік «Спартак» сапынан «Раднички» клубына ауысқан Бауыржан Тұрысбек «ПРОСПОРТ Қазақстан» тілшісіне берген сұхбатында Сербия чемпионаты туралы ой қозғады.

- Бауыржан, футболға алғашқы қадамды қай жерде жасадыңыз?

- Ала доп үйірмесі табалдырығын Алматы қаласында аттадым. Оңтүстік астанадағы  ФШМ (Жастар футбол мектебі) спорт мектебінің түлегімін.

- Кейініректе семейлік «Спартак» сапына ауыстыңыз? Не себепті ол клубта ұзақ тұрақтай алмадыңыз?

- Семейлік клуб сапында 13 кездесу өткіздім. Соңғы кездері алаңға аз шығып жүргендіктен, тәжірбие жинақтау үшін басқа командаға ауысқым келді. Бар себебі осы.

- Премьер-Лигада жас футболшылар «лимит» жасынан асқаннан кейін, өз орнынан айырылып жатады. Сізге бұл жағы қалай әсер етті?

- Әрине, «лимит» жастан асқан әрбір жас футболшыға басында қиынға соғады. Өйткені олар өзінен әлдеқайда тәжірбиелі ойыншымен бәселекелестікке түседі. Алаңда олардан кем түспейтініңді жаттықтырушыларға дәлелдеу керексің. «Лимит» жасстан асқаннан кейін маған да қиынға соқты. Бірақ, Құдайға шүкір, төзе білдім. Соның арқасында өзімді бапкерге көрсете алдым. Ендігі мақсат үлкен футболшы болу.

- «Спартактың» Премьер-Лигада қалуға мүмкіндігі бар ма?

- Бар. Футболда үмітті үзбеу керек.

 

- Сербия чемпионатына ауысуға кім себепші болды?

- Ол жаққа ауысуға өзімнің агентім қол ұшын тигізді. Тиімді ұсыныс түскеннен кейін бас тартпадым.

- Сербияға барғалы ол жақтың футболы мен біздің футбол арасындағы айырмашылықты сезіндіңіз бе?

- Еуропаның аты - Еуропа ғой. Футболға деген көзқарас басқаша. Кез келген маман үлкен футбол мектебінен шыққаны көрініп тұр. Алаңдағы әрбір қадамдары нық әрі сенімді.

- Команданың алдына қандай мақсат қойылған?

- Біздің мақсат – әрбір ойында жеңіске жету. Алдымызға белгілі бір үлкен мақсат қоймады. Дегенмен әрбір кездесуде алаңға тек «ұтамыз» деп шықсақ, нәтиже болады деп ойлаймын.

- Ниш қаласын араладыңыз ба? Қалай екен...

- Сербиядағы достарым Ниш қаласында қарсы алып, қаланың көркем жерлерін аралатып көрсетті. Қала аса үлкен емес, бірақ әдемі кішігірім. Жалпы маған ұнады.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

- Рахмет!