Қазақстан үшін биылғы еуромаусым аяқталды. Соңғы үмітіміз болған «Ақтөбе» Польшада варшавалық «Легияға» жол берді.  

Ойынның алғашқы минуттарында-ақ алаң иелері «Ақтөбе» футболшыларына үлкен қиындық тудырды. «Легияның» жылдам ұмтылыстарына үш турнирде қатар ойнап, шаршап жүрген қазақстандық клуб тиісінше жауап қата алмады. Сәт сайын командамызды голдан Андрей Сидельниковтың шеберлігі ғана құтқарып тұрды. Ал қонақтардың қарымта шабуылдары «Легия» қақпасына қауіп төндіре алмады. Десек те, «Ақтөбе» қарсыласының алғашқы минуттардағы қарымына төтеп беріп, таймның ортасына таман ойынды теңестіре бастады.

Мұндай ойынмен Қазақстан чемпионы ұзақ шыдай алмады – 26-минутта Михал Кухарчик бүкіл қорғанысты бұзып өткен тамаша пасты әдемі голға айналдыра білді. Бұл гол да польшалықтарды тоқтатқан жоқ – команда шабуылын жалғастыра берді. Ал ақтөбеліктер қарсыласын тәртіп бұзу арқылы ғана тоқтата алды. «Ақтөбе» осындай ереже бұзған сәттердің бірінде «стандартты» орындаған алаң иелері Мирослов Радовичтің көмегімен есепті еселей жаздады. Бақытымызға орай, қақпамызға екінші голдың кіруіне жартылай қорғаушының дәлдігі ғана кедергі болды. Тек бірінші тайм аяқталар тұста Владимир Газзаев шәкірттері қауіпті шабуыл жасай алды. Мирошниченко, Хайруллин, Неко үштігі жасаған комбинация соңғысының қақпаға соққы бағыттауымен біткен болатын, өкінішке қарай, Душан Куцяк орнынан табылды.

Екінші таймда да «Ақтөбе» ойыншыларына қорғануға тура келді. Жалпы қазақстандық клуб сапында өз міндетін толық атқарған қақпашы Андрей Сидельников қана болды. Шабуылда ақтөбелік клуб азусыз арыстандай көрінді. Неко, Хайруллин бастаған жігіттер алдыңғы шепте қанша талпынғанымен қақпашы Куцяктің маңдайынан тер шығарардай ұмтылыс жасай алмады. Кей тұстарда Маркос Пиззелидің аяққа салып беретін пастары жетпей жатты.   

Матчтың 66-минуты шешуші болды. Төреші Юрий Логвиненко айып алаңында ежере бұзды деп, он бір метрлік айып добын белгіледі. Нүктеге келген Ивица Врдоляк Сидельниковтен айласын асырды – 2:0.

Бұл гол қазақстандық жанкүйерлерде болған аз ғана үмітті түбегейлі жойып, ойынның тағдырын анықтап берді. Сондықтан қалған уақыт алма кезек шабуылдармен ашық өтті. Осындай ұмтылыстардың бірінде ойынға тыңнан қосылған Игорь Зенькович есеп айырмасын қысқартып кете жаздады. Неко мен Хайруллин жасаған қарымта шабуыл кезінде Мараттың пасынан кейін доп Зеньковичтің беліне тиді де, бағытып өзгертіп, қақпа аңғарына ұшты. Алайда футбол снаряды қақпа бағанасынан санаулы сантиметр қиыс кетті.

Кездесудің  соңғы минуттары «Ақтөбе» футболшыларының басымдығымен өтті. Дегенмен қонақтар есепті өзгертетін тамаша мүмкіндіктерге ие болса да, Польшадан тым құрығанда бір голмен қайта алмады.

Осылайша, бірнеше жыл бойы еуротурнирдің топтық кезеңіне өтуді мақсат етіп жүрген «Ақтөбе» осы жоспарын келесі маусымға қалдырды. Енді келесі жылдан күтеріміз мол... Ал биыл күз бойы тағы да өзге елдің шабандоздары бақ сынайтын сайысқа қарауға мәжбүр боламыз!         

«Легия» – «Ақтөбе»  2:0 (1:0)

Голдар: 1:0 – Кухарчик 26, 2:0 – Врдоляк (пен) 66

«Легия»:  Куцяк, Досса Жуниор, Йодловец, Бжиски, Жезничак, Брож, Дуда (Сагановский 88), Врдоляк (к), Радович, Жиро, Кухарчик (Косецки 66);

«Ақтөбе»: Сидельников, Мулдаров, Мирошниченко, Логвиненко, Андерсон Минейро, Царикаев (Айымбетов 71), Хайруллин, Тагыберген, Коробкин (Кападзе 42), Неко, Антонов (Зенькович 57);

Ескертулер: Врдоляк 29, Косецки 69, Куцяк 86 – Коробкин 23, Логвиненко 65