Қараша айында Венгрияда өтетін «Еуро-2015» іріктеу додасы қарсаңында Қазақстан жасөспірімдер 27 тамызда «Қайрат» футбол клубының жастар командасымен (U-19) жолдастық кездесу өткізді. Алматы облысының Талғар қаласындағы құрама командалар базасында өткен ойын аға буын, яғни «Қайрат» ойыншыларының жеңісімен 2:1 есебімен аяқталды. 

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы ойынды өте қарқынды бастағанымен болмашы қателіктер ойын тағдырына түбегейлі әсерін тигізіп, нәтижесінде жеткіншектердің қақпасында екі доп тулап жатты. Алдымен айып добын әдемі орындау арқылы «қайраттық» Кривенцов қарсыластардың қателігін тиімді пайдаланып кетсе, артынша қақпашы Подымский қателік жіберіп, соның кесірінен Еркінов гол соғып кетті. Бұл да болса, қатерлердің соңы емес. Жүйкесі жұқарған Қайсар Майраш қарсыласын өте дөрекі әдіспен құлатып, бірден алаңнан қуылды. Сөйтіп, бірінші таймда-ақ Жасөспірімдер құрамасы бір ойыншыға кем қалды. Ал үзіліске дейін есеп өзгерген жоқ.

Үзіліс кезінде Константин Фролов командасын түлендіре алған секілді. Екінші таймда жасөспірімдер құрамасының ойыны түбегейлі өзгерді. Алаңның әр бұрышы үшін талас күшейіп, бұл жолы «Қайрат» ойыншысы Бакиевтің жүйкесі сыр берді де, дөрекі ойыны үшін алаңнан қуылды.

Алма-кезек өрбіген ойында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы басқа қателік жіберген жоқ. Қарқындары да күшейіп, нәтижесінде алаңға жаңа шыққан Жагоров таблодағы есепті 1:2-ге жеткізді. Соңғы минуттарда есепті теңестіретін керемет мүмкіндік болған еді, бірақ Саменовтың соққысы қақпа бағанасынан кейін серпілді.

Ойын аяқталған соң Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Константин Фролов сұхбат беріп, жасөспірімдер құрамасы жайлы пікірімен бөлісті.

- Бізге ең бастысы, жастары үлкен, шеберліктері жоғары командамен жолдастық кездесу өткізіп, футболшылардың әлеуетін сынап көру болатын. Сондықтан, «Қайсар-19» командасын таңдадық. Өйткені, бұл команданың шабуылы да, қорғанысы мен жартылай қорғанысы да мықты.

 

 

- Жалпы, бұл матч қандай әсерде қалдырды. Екінші таймда командаңыздың гол жіберіп алмағанына көңіліңіз толды ма? - Қарсыластың жылдам ойынына дайын болмай шықтық та, кездесудің басында-ақ қақпамызға екі жылдам гол жіберіп алдық. Бірінші қателік – қарапайым ойын сәтінде допты жоғалтып алдық та, допты аутқа шығарып жібердік. Одан кейін аут кезінде доп қорғаушымыздың қолына тиіп, айып соққысы қақпамызға соғылған голға айналды. Екінші гол – тағы да аут. Қорғаушы қақпашыға пас берді. Ал ол болса, абдырап қалды да, әйтеуір тебе салып еді, доп жүгіріп келе жатқан шабуылшының біріне тиіп, қақпамызға кіріп кетті. Бірінші гол секілді, бұл да жастықтың әсері. Иә, біз футболшыларымыздың әлсіз жерлерін білеміз және сонымен жұмыс жасаймыз. Жолдастық-бақылау ойындары осы үшін керек. Негізгі екпінді жинақылыққа, кез-келген нәрсеге дайын болуға, ойынның басынан соңына дейін мұқият болуға қойып отырмыз. Мұндай сәттерде ең бастысы керек кезінде дұрыс шешім қабылдай білу керек. Бұл ойынды біздің футболшылар 1998 жылғы жеткіншектер ретінде бастағанымен, ешқандай қиындыққа мойымайтын кез-келген жағдайға дайын футболшылар ретінде бастады.

- Ойын соңында сіздің командаңыз есепті теңестіруге керемет мүмкіндік алды. Бірақ доп қақпа бағанасына тиіп кетті...- Мұндай ойында бірінші кезекте нәтиже емес, ойын сапасы тұратынын айта кеткім келеді. Біз үшін ойыншылардың жалпы әлеуетін бағамдау маңызды болды. Нәтижесінде сараптама жүргізуге үлкен материал жинадық.

- Алаң жиегінде тұрғанда сіз футболшыларыңызға қулық жетіспейтіні жайлы айтып жаттыңыз. Мұнымен нені меңзеген едіңіз? - Біз қазір футболшыларымызға ойлау жағынан қарсыластан жүйрік болуды үйретіп жатырмыз. Яғни, жылдам шешім қабылдап үйренуіміз керек. Бұл тек доп ойынға қосылған кездерге ғана емес, алаң сыртындағы сәттерге де қатысты. Футболшылар дер кезінде ашыла біліп, допты жылдам ойынға қосып, қарсыласын қапы қалдырып кете аларлықтай сәттерді мүлт жібермеу керек. Жолдастық кездесу барысында мұндай жағдайларды да қарастырамыз.

- «Еуро-2015» іріктеу додасына қандай мақсат қойып отырсыздар? - Тобымыздағы қарсыластарымыз да өте қарымды. Атап айтсақ, турнир қожайындары – Венгрия, одан кейін Хорватия мен Израиль. Басты мақсат – өз философиямызға сүйенген, өнегелі ойын өрнегін көрсету. Егер осы мақсатымызды орындай алсақ, ұпай міндетті түрде болады. Жауыр болған сөздер, бірақ шынымен де, әр ойында алаңға тек жеңіс үшін шығамыз.

 

 

Қазақстан (U-17) - «Қайрат» (U-18) – 1:2 (0:2)Голдар: Жагоров – Кривенцев, ЕркіновҚазақстан (U-17): Подымский, Айтөре, Қасым, Рысбеков, Оразов, Майраш, Сағынов, Наджарян, Жақсыбай, Зайнутдинов, ӨміртаевРезерв: Қасыманов, Жагоров, Беріков, Самойлов, Артюшенко, Саменов, Макишев, Солтанов«Қайрат» (U-18): Нығметов, Ғаниев, Әбікен, Иминов, Қарыбаев, Бакиев, Сматов, Нәдірбаев, Еркінов, Кривенцев, ҚамбаровРезерв: Әбидов, Әріпов, Таипов, НұрәділТөрешілер: ЕрсұланЖасыбай, Максим Ломко, Игорь Карпов (бәрі де - Алматы)

kff.kz