Алексей Щеткин өзінің ойыны жайлы, команданың көрсетіп жүрген нəтижелері мен Еуропа Лигасындағы жауапты кездесу жайлы клубтың ресми сайтына айтып берді. Премьер-лиганың кезекті туры Қазақстан құрамасының шабуылшысы Алексей Щеткиннің голының арқасында ерекшелене түсті. «Көк-ақтардың» форварды «Ертіс» қақпасына қайшылап тұрып соққан əдемі голымен өз командасына үш ұпай алып берді. — Матч қиынға соқты, себебі біз қазір екі жарыста бақ сынаудамыз — Еуропа Лигасы мен Қазақстан чемпионаты. Көптеген алыс жол мен сапарларға байланысты, физикалық тұрғыда ауыр болды. — Сен бүгін жеңіс голын соқтың. Бұл голды өз мансабыңдағы əдемі голдардың бірі деп айта аласың ба?

— Иə, мен солай деген ойдамын. Бірақ, бұл гол əдемі ме, жоқ па маңызды емес — бастысы команда үшін жеңісті болғаны. Иə, мен жарақаттан кейін ұзақ уақыт бойы гол салмадым, сондықтан да қуанышты екенім рас. — Бүгін «Ордабасы» негізгі құрамға көп өзгерістер енгізді. Команда екі бірдей құраммен ойнауға дайын деп айта аламыз ба?

— Менің ойымша, біздің ұжым жеткілікті түрде барлығына дайын. Тек қана он бір адам емес, барлық жиырмасы да. Біздің кез келгеніміз бір-біріміздің орынымызды баса аламыз, сондықтан бұл жағынан бізде мəселе жоқ деп есептеймін. — Бейсенбі күні өтетін маңызды ойыннан не күтесің?

— Бізде тек бір ғана тапсырма бар — бұл Еуропа Лигасының келесі кезеңіне өту. Қазір біздегі бар ойымыз сол, жəне орындалуға жақын. Сырт алаңда біз 1:1 ойнадық, қонақта соққан голымыздың арқасында келесі кезеңге жолдама алу мүмкіндігіміз жоғары деп есептей аламыз.