«Астана»Премьер-Лига аясында «Тараз» командасын қабылдап, 4:0 есебімен тас-талқан етті. Ойын соңында елорда командасының бас бапкері Роман Григорчуктың қатысуымен баспасөз жиыны өтті, деп хабарлайды Prosports.kz, елордалық клубтың ресми сайтына сілтеме жасап.

- Бүгінгі ойынның нәтижесі команда үшін өте маңызды. Қазір баспасөзде және жанкүйерлер арасында командаға өте жоғары қысым көрсетілуде. Дегенмен, жігіттер бүгін жарады. Осындай қиын сәтте олар жұдырықтай жұмылып, маңызды жеңіске қол жеткізді.

- Бүгін алаңға Дидар Жалмұқан шықты. Егер ойында ірі есеп тіркелмеген жағдайда, оны алаңға шығарар ма едіңіз?

- Егер 0:1 есебі тіркеліп жатқан жағдайдың өзінде мен оған сенім артатын едім. Дидар өте талантты ойыншы. Ол тіпті Қазақстандағы таланты жоғары ойыншылардың бірі дер едім. Алайда, оған осы талантты әрмен қарай дамыту қажет. Біз Дидармен біріге отырып, осы талантты ашу жолында жұмыс жасауымыз қажет.

- Бүгін команда осы маусымда алғаш рет ротация жасады. Бұл Михаил Ильичтің клубтың бас директоры қызметіне тағайындалуымен байланысты ма?

- Михаил Ильич негізгі құрамды таңдауға мүлде араласпайды. Бұл толықтай менің құзырымдағы дүние.

- Мубеле бүгінгі кездесуде нәтижелі пас беріп, артынша гол соққандығына қарамастан, әлі де толық командаға сіңісе алмағандай. Ол қанша пайыз дайын?

- Ол команда құрамына сіңісіп үлгермеді дей алмаймын. Фирмин - командаға тез бейімделген, ойнап жүрген ойыншы. Оның біздің қатарымызға қосылғанына аз ғана уақыт болғандығына қарамастан, команда алдына қойған мақсаттарына жету жолында көмектеседі деп сенеміз. Ол дәл қазіргі уақытта 60-70% ғана дайын.

- Жастар туралы сұрақты жалғастырсам. Әр ойында команданың матчқа қатысатын ойыншылар тізіміне 1999-2000 жылы туған бірнеше футболшы тізімге ілінуде. Дегенмен олар алаңға шығып жатқан жоқ. Жас футболшылар қашан ойын тәжірибесіне ие болады?

- Клубта жас ойыншылармен жұмыс қарқынды жүруде. Олар негізгі құраммен жаттығу жұмыстарын жасайтын керемет мүмкіндікке ие. Біз олардың мүмкіндіктерін өте жақсы білеміз және оларды әрдайым қадағалап келеміз. Жас ойыншылар жақын уақытта Премьер-Лига деңгейіндегі футболшылардың қатарына қосылады деп үміттенемін.

- Командаға жасалып жатқан үлкен қысыммен қалай күресіп жатырсыз?

- Бұл қысым маған мүлде әсер етіп жатқан жоқ. Себебі, менің футболдағы тәжірибем өте зор. Мен өз еңбек жолымда көп жағдайларды бастан өткердім. Сондықтан, дәл мұндай жағдайларға сабырмен қараймын.

- Ұзақ уақыт бойы орталық қорғаныс шебінде ойнаған Юрий Логвиненко осы маусымда тірек жартылай қорғауның міндетін атқаруда. Оның алдағы уақытта орталық қорғанысқа қайта оралуы мүмкін бе?

- Юра - өте қадірлі адам және құрметі бөлек футболшы. Сондықтан, біз қазір оған мінездеме бергеніміз дұрыс емес. Бір ғана айтарым, ол команда сапында үш бірдей позицияда ойнауға қауқарлы.