Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Красножан «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында қазақ футболшыларының ешкімнен кем еместігі және де Ұлттық құраманың мүмкіндіктері туралы ой шертті. 

 

– Юрий Анатольевич, Қазақстан ұлттық құрама­сының тізгінін ұстағаны­ңыз­ға жарты жыл болды. Әлбетте, ұлттық құ­раманы қайта құрып шығу үшін бұл көп уақыт та емес. Деген­мен, болашақ коман­даның сұлбасын жасай бас­тауға жеткілікті-ақ мерзім. Осы уақыт аралығында нақ­тылы нендей жұмыстарды атқаруға қол жетті?

– Біз үшін бұл, қай жағынан алғанда да, өте бір мазмұнды да­ пайдалы кезең болды. Жаңа ел,­ жаңа қала, жаңа халық – бәрі біз үшін бастапқыда таң­сық жайт­­тар еді. Жаңа ел­дің ке­ремет мә­­­дениетімен таныс­тық, жаңа та­ныс­тар таптық. Ал тікелей жұ­­­мысқа кел­сек, бұл уақытты рес­­публика фут­болының проб­ле­­маларын, мүмкін­дік­тері мен болашағын сарап­тауға жұм­са­дық. Қазақ­стан футбол­шы­лары­ның­ анықта­малық қорын жа­сап алып,­ оны үшке бөліп қарас­тыр­­дық.

Оларды негізгі құрам, резервтегі футболшылар және таяу болашақ ойыншылары құрады. Осы күндері үш топтағы футболшылардың барлығын мұқият назарда ұстап отырмыз: ойындарын қараймыз, техникалық-тактикалық әрекет­терін бақылаймыз. Осылай­ша бұл тұрғыда үздіксіз жұмыс жүріп жатыр. Соның арқасында ұлттық құрамаға үміткерлердің сұлбасын түзіп алдық, соның ішінде дің­гегі де жасалды. Өздеріңіз де білесіздер, осы кезге дейін үш жолдастық кездесу өткізіп, көп­теген футболшылардың мүмкін­діктері деңгейлерін байқап көрдік. Жалпы, кандидаттардың барлығы да біздің талаптарымыз бен ұлттық құрамаға іріктеу өлшемдерін жақсы біледі.

 

– Иә, есімізде. Өзіңіздің басшылығыңызбен құрылған жаңа құрама алғашқы жол­дастық кездесуін Литвамен өткізді. Бұл наурыз айы бола­тын. Алайда, соңғы оқу-жаттығу жиынында ұлттық құрама келбетінің әдепкісінен көп өзгеріп кеткенін де байқадық.

– Бұл заңды құбылыс. Жаңа құрама ешқашан бірден құры­ла салмайды. Және нағыз жауын­герлік сипаттағы құрамды анық­тап алу үшін біз өткізген үш жолдастық кездесудің аздық ететіні де рас. Бір қуаныштысы, «Еуро-2016» іріктеу турниріне дейін тағы бір жолдастық кездесу өткізу мүмкіндігін алып отырмыз. Нақтырақ айтсақ, 5 қыркүйек күні Астанада Қырғызстан құрамасымен кездесеміз. Негізі, біз барлық үміткерлерді іс жүзінде тексеріп бағып жүрміз. Ал олардың қатары оншалықты көп те емес. Солардың ішіндегі Хижниченко, Шмитдгаль және Энгель Қазақстаннан тыс жерлерде доп теуіп жүрсе, ішкі чемпионатта тағы 40 шақты фут­болшы бар. Мен бұл жерде ұлт­тық құраманың кеңейтілген тізіміне енгендер туралы айтып отырмын. Сол қырықтың ішіне жастар құрамасының ойыншылары мен болашақта қажетімізге жарап қалады-ау деген ойыншылар да кіреді. Біз құраманың іріктелген діңгегін құрып алғанша, оның келбеті осылай ұдайы өзгеріске түсіп тұрады. Мұны ешқандай да революция емес, неғұрлым дайын ойыншылардың ұлттық құрамаға жүйелі түрде іріктелуі деп айтар едім.

 

– Жалпы, қазақстандық футболшы­лардың еуропа­лықтардан басты айырма­шылығы неде?

– Футболдың классикалық ережесі бойынша жауап берер болсам, негізгі айырмашылық антропометриялық, ойыншы­лардың балалар-жасөспірімдер шағындағы футбол білімін алуы және психология деп аталатын үш тармақ арқылы анықталады. Әсіресе, соңғы екі тармақта проблемалар жетерлік. Мен Қазақстан футболшылары дарын­дылықтары жөнінен еуропалықтардан кем түседі деген ойдан аулақпын. Бірақ, мән бере қарасаңыз, Еуропа елдерінде, мейлі олар футбол державалары болмаса да, жас футболшылардың таланттарын ашуға барлық жағдай жасалған. Біріншіден, Еуропада бұқаралық футбол жүйесі жақсы жолға қойылған. Бұл жеткіншектерді футболға неғұрлым көбірек тартуға мүмкіндік береді. Мәселен, «Еуро-2016» іріктеу турнирінде бізбен бір топта ойнайтын Исландияны алайық. Небәрі 320 000 тұрғыны бар елде бұқаралық футболмен 22 мыңнан астам адам айналысады. Былайша айтқанда, бұл – әрбір 15-ші адам мұнда футболмен тұ­рақты түрде шұғылданады де­ген сөз. Ал Қазақстанда, ресми дерек­терге сүйенсек, бар болғаны әрбір 100-ші тұрғын ғана доп тебеді екен. Жалпы, Еуропаның қай елін алсақ та, ойыншылардың толық анықтамалық қоры жасалған. Мұның өзі саннан сапа шығуға бастайды. Екіншіден, 2012 жылы Қазақстанда қолға алынған балалар мен жасөспірімдер футболының даму бағдарламасы бойынша бүгінде елімізде 13 футбол орта­лығы ашылған. Ал Еуропаның дамыған елдерінде мұндай жүйе­нің жұмыс істеп тұрғанына 30 жылдай болып қалды. Олар қазір соның жемісін көріп те отыр. Гер­мания, Испания, Голландия сияқты елдерде бұл бағытта қандай жұмыстар жасалып жатқанына мән бере қараңыздаршы. Ал Қазақстанда балалар-жасөспірімдер футболы кешеуілдеп дамығандықтан, құрама командалар бапкерлері өздеріне берілген аз ғана оқу-жаттығу жиыны кезінде фут­болшыларды қарапайым техникалық және тактикалық жаттығуларға үйретуге мәж­бүр. Негізі, мұндай нәрсені фут­болшылар 9-16 жасында үйрену­лері керек. Бәрі де ештеңе емес қой, бірақ адамның физиологиялық ерекшелігі – кейбір базалық элементтерді ерте жастан бойына сіңірмесең, 13-14 жасында үйрете алмайсың. Міне, қазақстандық футболшылар проблемасының түбірі де осы жерде жатыр. Былайша айтқанда, мұнда таланттылар көп-ақ, бірақ сол дарынын жан-жақты дамытудың мерзімі өтіп кеткен. Сонымен, жауабымызды қорытындылай келгенде ай­тарымыз, біз санаулы ғана қабі­летті ойыншылар қатарынан іріктеп алынған футболшылардан құрама құрып отырмыз. Сондай-ақ, кәсіпқой ойыншылардың өзі балалар-жасөспірімдер футболы шағында маңызды кезеңдерді жіберіп алған. Дегенмен, ендігі басты проблема психологияда болып тұр. Соның сыңайында «Әйтеуір, жеңілмесек болды» ұстанымынан арылуымыз керек. Қазір осы тұрғыда ақырындап жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгін­де біз футболшыларға жеңіс рухын, жеңімпаз психологиясын сіңірудеміз.

 

 

 – Сіз бұған дейінгі бірқатар сұхбат­тарыңызда өзіңіз бен жаттық­тырушылар алқасы назарынан Қазақстан құрамасының бірде-бір үміткері тыс қалмайтынын айтқан екенсіз. Қалай ойлайсыз,әлеуетін бағамдап көрмеген ойыншылар әлі де бар ма?

– Әлбетте, бар. Біз сондықтан Қазақстаннан дарынды ойыншы­ларды әлі де іздеп табамыз деп ойлаймын. Дегенмен, қандай бір талант та ең алдымен өзін-өзі көр­­сетуі тиіс. Мысалға, соңғы жиын­­ға шақырылғандардың көбін шеберліктерін ел чемпио­наты мен Кубок ойындарында көрсетіп, ұлттық құрамадан орын алуға лайықты екендерін танытқандар құрап отыр. Рас, шақырту алған ойыншылардың барлығы бірдей өз клубтарында негізгі құрамда алаңға шыға бермейді. Соған қарамастан, олар өздеріне берілген осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдалануға тырысады деп ойлаймын. Аталған футболшылар ойын кезінде кез келген жағдайда мүмкіндігінше дұрыс шешім қабылдап, әр қолайлы сәтті жақсы бағалай біледі. Біз жұмыс істеген қысқа ғана мерзімде бапкерлер алқасы Қазақстан құрамасына үміткерлердің барлығын зерттеп, олардың әлеуеттерін шамалауға тырысып келдік. Әйткенмен, команда құрамының ұдайы өзгеріп тұруы заңдылық. Бұдан бөлек, талантты жастардың жаңа толқыны өсіп келеді. Олардың арасында да бас командағы лайықты өрендер табылып қалып жатады. Біз осы топтан ұлттық құрамаға үміткерлердің келесі буынын жасақтап, әрдайым тізімді толықтырып тұрамыз. Әлбетте, біздің назарымызға ілікпей жатқан футболшылар болуы да мүмкін. Сондық­тан осы олқылықтың орнын толықтыру мақса­тын­да алдағы уақытта да кандидаттарды саралау жө­ніндегі жұмыстарымызды жалғастыра бермекпіз.

 

– Соңғы жиынға ша­­қы­рылғандар ішінде жас­тар көп екен. Бұл дарынды жас буынның көптеп өсіп келе жатқанын көрсете ме, әлде мұның астарында тағы да құраманы жасарту мақсаты тұр ма?

– Біздің соңғы оқу-жаттығу жиынымыз екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде біз Еурокубок­тарға қатыспаған клубтардың ойыншыларына назар аударып, оны солардың қатарында болулары ықтимал үміткерлерді саралауға және бұрыннан тізімде барларымен етене танысуға арнадық. Сондай-ақ, жастар құрамасының ойыншыларын да көрдік. Олардың кейбірі қазірдің өзінде бас команданың барлық талаптарына жауап бере алады. Ал екінші кезеңде ұлттық құраманың дәл қазіргі таңдағы негізгі діңгегімен тығыз жұмыс істедік. Жалпы, біз барлық кан­ди­даттарға өз әлеуеттерін паш етуге мүмкіндік бергіміз келеді. Сондықтан, жастарды да, тәжірибелі ойыншыларды да әрдайым назарымызда ұстап отырамыз. Команданы жасарту әрдайым жүріп отырады. Бұл табиғи процесс. Өйткені, футбол да жанды организм сияқты бір орнында тұрмайды, ұдайы қозғалыста болады. Ол әрдайым дамып отырады. Барған сайын шеберлігі жетіліп, мейлінше жылдамырақ сипатқа көшіп келеді. Осыған байланысты тек қана тәжірибелі ойыншыларға сүйеніп ойнаған дұрыс болмас еді. Ал Қазақстан футболшыларының жаңа буыны қаншалықты дарынды екенін уақыт көрсетеді.

 

– Таяуда ғана аяқталған әлем чемпиона­ты­ның барша жаттықтырушылар жұрты үшін алдағы уақыттар үшін керек болатын көптеген тұжырымдар мен тың қисындар ұсынып кеткені анық. Ал сіз үшін бұл біріншіліктің басты ерекшелігі неден көрінді, оның маңызы несімен көрінді?

– Мундиальда Германия құрамасы дәлелдеп бергендей, чемпион болудың ұлттарды біріктіру­дің керемет жолы екеніне көз жеткіздік. Әлем чем­пионатына қатысқан елдердің барлығы да өз­дерінің ұлттық тулары түстерін, символдары мен мәдениеті деңгейін көрсетуге ұмтылды. Үз­дік құрамалардың ойыншылары да өздерінің кере­мет патриот екендіктерін, командасы үшін ешнәр­седен аянбайтындықтарын дәлелдеп бақты.

Ал жекелеген командалардың сәтсіздік­терінен футболдың бас­ты проблемасы оның негізінде жатқаны көрінді. Яғни, футбол­шыларға кәсіпқойлықты балалар-жасөспірімдер кезеңінен бастап үйрету керек. Футболдың негізі – балалар-жасөспірімдер футболында.

Әлем чемпионаты негізінен ұлттық чемпионаттар аяқталған соң өтеді. Былайша алғанда, бұл уақытта командалардың дене күші әлеуеттері тиісті деңгейінде болмауы ықтимал. Әлбетте, ұлттық чемпионаттардан кейін футболшылар шаршаңқы болулары тиіс көрінетін. Бірақ бұл чемпионат соның бәрін жоққа шығарды. Біз мұның орнына қандай бір күреске де дайын, тоқсан минут бойы талмай шаба алатын жауынгерлік сипаттағы керемет командалардың ойындарына куә болдық. Сондығынан болар, ойын алаңының әрбір мүйісі мен шаршысында әр матч сайын нағыз бітіспес жанкешті күрестер жүріп жатты. Чемпионаттағы маңдайалды командалардың бір ойынның үстінде тактикалық жүйелерін бірнеше рет ауыстырып отыра алатын қабілеттері бар екеніне де көз жеткіздік. Мұның сыртында үш бірдей орталық қорғаушымен ойнаудың қалай болатынын да білдік. Матчтарда қақпашылардың да рөлі арта түскені анық байқалды. Соның нәтижесінде Мундиальдан кейін осында жарқырап көрінген қақпашыларды Еуропаның белді командалары таласа-тармаса пышақ үстінен бөлісіп әкетті. Командалық ойындағы жұлдыздың рөлі, жаттықтырушының шешімі мен әрекеттері – жалпы, бір сөзбен айтқанда, бұл әлем чемпионатынан түйгеніміз жетерлік. Енді осында түйгендерімізді өз құрамамыз тәжірибесіне тиімді пайдалана алып жатсақ, үлкен бір мақсаттарымыздың бірі жүзеге асты деп ойлаймын.

«Егемен Қазақстан»