«Қайрат» футбол клубының бразилиялық жартылай қорғаушысы Исаэльдің «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

– Исаэль, жергілікті футбол мен елімізге бейімделдіңіз бе?

– Алматы – әсем қала. Мұнда өте тыныш екен, бұл шаһар маған ұнайды. Жергілікті футболға әлі де бейімделіп жатырмын.

– Ата-анаң Алматыда ма?

– Жоқ, әкем келесі айда бірақ келеді.

Сіз Сан-Паулуда туылып, бірақ Порту-Алегридің «Гремио» командасында жаттығыпсыз.

– Сан-Паулуда бірқатар командаларда ойнағанмын, артынша мені «Гремионың» академиясына шақырды.

Ауысуға бірден келістің бе?

– Иә, бірден келістім.

Былтырғы маусымда «Краснодар»командасындаойнапсыз, қазіргі таңда бұл ұжым жақсы нәтиже көрсетіп келе жатыр. Клуб жайлы пікіріңіз қандай?

– Команданың құрылымы мықты. Десек те, қаланың өзі маған ұнаған жоқ.

Краснодар мен Алматыны салыстырып көрсеңіз...

– Алматы – күн сайын дамып келе жатқан, үлкен қала. Краснодармен салыстырғанда Алматыда қыдыратын жерлер көп.

Ауа-райының суығына үйрендіңіз бе?

– Иә, төмен температурадан қорықпаймын.

«Краснодардың» президенті Сергей Галицкий команданың бас бапкерімен жиі дауласады деп естідім. Бұл рас па? 

– Жоқ, бірінші рет естіп тұрмын.

«Қайратқа» Жерар Гоумен бірге бір уақытта келдіңіз. Содан бері ол бірнеше гол соқса, сіз тек қана нәтижелі пастермен көзге түстіңіз. Жалпы өзіңізге гол соққан ұнай ма әлде пас беруден ләззат аласыз ба?

– Әрине, нәтижелі пас беру – керемет. Әйтседе, әр футболшы гол соққысы келеді. 

Бірінші голыңызды соққаң сәтте бразилиялықтар секілді билейсіз бе?

– Жерар Гоу гол соққанда бірігіп билегенбіз. Кейде Жерарменгол соқсақ не істейтінімізді ойлайстырамыз.

Командада Гоудан өзге кім жақсы билейді?

– Білмеймін, әлі кімнің қалай билейтінін көрген жоқпын. Мүмкін, Сито Риера жақсы билейтін шығар. Кез келген қаранәсілді биден кенде емес қой.

Еуропа Лигасы аясындағы «Қайрат»-«Эсбьерг» ойынында не жетпеді деп ойлайсыз?

– Сәттілік жолдас болмады. Бірінші матчта олар соңғы минутта гол соққан болаытын. Ал біз өз мүмкіндіктерімізді жіберіп алдық. Олардың деңгейі  біздікінен сәл жоғары.

Қазақстанға кетер алдында Маркос Пиззелимен сөйлестіңіз бе?

– Иә, сөйлестім, менің жақын досым ғой. «Мені әдемі қала мен үлкен команда күтіп тұр» деп ағынан жарылған. Қазақстан қарқынды дамып келе жатқан мемлекет, сонымен қатар футболдың да деңгейі өсіп келеді. 

– Онымен кім көбірек гол соғып, кім көп пас береді деп бәстескең жоқсыз ба?

– Бәстестім. Кім көп гол соғады, сол Бразилияда барбекю жасайды деп бәстестік. Бірақ Маркос менен көп кездесу өткізгенін ескеруіміз қажет. Сондай-ақ, екеуміздің командамыз Қазақстан кубогының финалында күш сынасқанын қалаймын. Сол кезде тағы бір рет бәсекеге түсеміз.

– Сіз көптеген бразилиялықтар секілді футболдағы алғашқы қадамынызды футзалда бастадыңыз. Алматыда Еуропадағы ең үздік футзал командасының бар екенін білесіз бе? 

– Әрине, білемін. Онда көп бразилиялықтар ойнайтынын естідім. Жақында олармен танысамын.

Кәсіпқой футболшы ретінде алғашқы матчыңызды 20 жасыңызда өткізіпсіз. Бұған дейін немен айналастыңыз? Мәселен, «Краснодардың» ойыншылары Ари мен Жоазиньо кезінде базарда жеміс сатқан екен.

– Иә, бала кезімде анама көмектесіп ет сатқанмын. Содан соң, 14 жасымда қаладан кеттім.

– Сіздің кумиріңіз «Гремионың» түлегі Рональдиньо ма?

– Роналдиньо ұлы футболшы, бірақ өз басым «Фенербахчеде» ойнаған Алекстің ойынына қызығатынмын.

«Краснодар» мен «Қайраттың» жаттығулары несімен ерекшеленеді? 

– Кононов («Краснодардың» бас бапкері. – авт.т)пенВайсс паспен ойнаумызды сұрайды. Жаттығулардың көбі доппен орындалады. Қазірде маған ең бастысы схеманы үйрену емес, әріптестермен тіл табысу. 

– «Краснодар» Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінде жақсы келе жатыр, бұрынғы командаластарыңызға сәттілік тіледіңіз бе?

– Иә, whatsapp арқылы үнемі сәттілік тілеймін. Келесі кезеңге өтеді деп үміттенемін.

Бразилия мен Германия арасындағы ойынды тезірек ұмытқыңыз келетін шығар.

– Бұл футбол, ондай жағдай болып тұрады. Германия сол ойында бар күшін салды, ал Бразилия өзін әлсіз қырынан көрсетті.

Ойынды тамашалап жатқаныңызда қандай сезімде болдыңыз?

– Бұл ойынды тікелей эфирде көрген жоқпын, сол уақытта біз әуежайда болғанбыз.

– Есепті есіткенде сене қоймаған шығарсыз?

– «Мүмкін емес» дедім (күледі).

– Бұл Бразилия тарихындағы ең әлсіз құрама болды ма?

– Жоқ, ірі есеппен жеңілген соң барлығы солай айта бастады. Бірақ, бұл ең әлсіз команда емес.

Дунганың командаға қайта оралғаны дұрыс шешім бе?

– Білмеймін, бұны уақыт көрсетеді. Дунга – мықты бапкер.

– Легионерлерден өзге «Қайрат» сапында техникалық тұрғыда бразилиялыққа кім жақын?

– Техникасы мықты ойыншылар көп. Бірақ, Батоны (Бауыржан Исламхан. – авт.т) бразилиялық деп айтуға толық негіз бар.

Демек, Бразилия чемпионатында ойнауға шамасы жетер ме еді?

– Әлбетте.

– Ресей мен Қазақстанда болған қызықты оқиғаларыңызды айтып берсеңіз...

– Қызықты ештеңе болған жоқ. Мен «Краснодарға» келгенімде онда Жоазиньо және тағы басқа бразилиялық ойыншылар болды. Олармен  бірден достасып кеттім.

Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

– Үйде отырып, кинокөремін. Қасымда әйелім болмаған соң, рестораннан тамақтануға тура келеді.

Қазақтың тағамдары дәмді ма екен?

– Иә, ұнады.