Бүгінгі таңдағы белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен «PROСПОРТ  Қазақстан» тілшісіне берген сұхбатында Еуропа лигасында қазақстандық клубтардың мүмкіндігіне баға беріп, ел біріншілігінің екінші кезеңіне болжам жасады.

«Қазақстандық қос клубтың да еурододаның топтық кезеңіне өтуге мүмкіндігі жоқ. «Астананың» мүмкіндігі о бастан аз еді, енді Испаниядағы кездесуді «тәжірибе алу үшін» деп қана есептеуге болады. Станимир Стойловқа алаңға бірнеше жас футболшыны шығару қажет, себебі жеңілген күннің өзінде, жастарымызға тиер пайда көп. «Ақтөбенің» де сырт алаңда жеңіске жетуі екі талай. Польшалық команда өз алаңында тамаша ойнайды. «Легия» Қазақстаннан өз еліне жеңіспен оралғанын ескерсек, ақтөбелік клубты да тізімнен сызып тастай беруге болады. Дегенмен, бейсенбіде қос клубымызға да жанкүйер боламын», - деді Ермұхамед Мәулен.      

Қазақстан чемпионаты жайында

«Ел біріншілігінің екінші кезеңінде кез-келген клуб чемпион боп кетуі мүмкін. Алайда биыл, менің пікірімше, «Қайрат» пен «Астана» алтын жүлдеге таласады. Бұл командалардың қадамдары қарымды. Оның үстіне чемпион атанбағандарына ұзақ уақыт болды. Бапекерлері де тісқаққан мамандар.Сондықтан олар биылғы маусымды уысынан шығарып алмауға тырысады. Ал «Ақтөбе» футболшылары қатты шаршады. Үш турнирде қатар ойнау оңай емес. «Шахтердің» де ойыны жүрмей тұр, былтырғыдай тағы да ел Кубогына таласатын шығар», - деп пікірін білдірді ел чемпионаты туралы.