Жастар арасындағы Олимпиадада боксшыларымыз Абылайхан Жүсіпов пен Вадим Казаков финалға шықты, деп хабарлайды бокс федерациясының ресми сайты.

Жастар арасында әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов (60 кг) венгриялық Конью Ричардты 3:0 есебімен, нық сеніммен жеңді. Жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Вадим Казаков (81 кг) армениялық Нарек Манасяннан басым түсті, есеп 2:1.

Жастар Олимпиадасының боксшылары алтын медальға 27 тамызда таласады. Жүсіпов финалда кубалық Алаин Лимонтамен кездессе, Казаков жастар арасындағы ӘЧ-2014 финалындағы қарсыласы болгар Благои Найдановпен алтынға таласады.

Тағы бір боксшымыз Шалқар Айқынбай (49 кг) Руфат Кусеиновке (Әзірбайжан) жол берді — 1:2. Ол енді ертең жапондық Субары Муратыға қарсы қола жүлдеге таласады. Ертең Нанкин шаршы алаңына 5-ші орын үшін Қытайдың Тайпэй қаласының боксшысы Хсиао-Вэнг Хуангпен бәсекелесетін, Алуа Балқыбекова (51 кг) шығады.