Әйелдер күресінен Азия чемпионатының үш дүркін чемпионы Татьяна Аманжол алдағы Азия ойындары туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды күрес федерациясының ресми сайты.

- Бүгінде біздің команда жылдың ең ірі жарысы саналатын әлем чемпионаты мен Азия ойындарына жақсы дайындалуда. Қазіргі кезде Бурабай қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізудеміз. Құдайға шүкір, денсаулығым жақсы, жарақатым жоқ. Егер көлденең бірдеңе кездесіп қалмаса, Инчхонда тек қана алтын медаль үшін таласамын. Азия ойындарына бабымда барып, жанкүйерлерді жеңісіммен қуантқым келеді. Мен құрлық додаларында көп сынға түскеніммен, Азиадаға алғаш рет қатысқалы отырмын. Әрине, әлем чемпионатына да қатысқым келген, алайда, Гүзел Тагирқызы Манюрова бастаған бапкерлер құрамы дайындық жүйесін бұзбай, мені тек Азия ойындарына қатыстыруды дұрыс деп тапты. Мұндай өте маңызды жарыста ел жанкүйерлерінің біз үшін алаңдап, спортшылардан жоғары нәтиже күтетінін жақсы түсінемін.

- Сіздің ойыңызша, әйелдер күресінің әлемге танылған үздіктерімен тайталасу үшін біздің қыздарға не жетпей жатыр?

- Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Физикалық тұрғыдан біз сол жапон қыздарынан осал емеспіз. Меніңше, бар мәселе психологияда сияқты. Осы тұрғыда жақсы дайын болу керек. Сонымен қатар, шетелдерде оқу-жаттығу жиындарын жиі өткізіп, турнирлерге де көп қатысқан дұрыс. Өйткені, спарринг әріптестерің мықты болғанда ғана, өзіңнің техникалық және тактикалық шеберлігің арта түседі.

- Еліміздің бірнеше дүркін чемпионысыз. Ел ішіндегі бәсекелестік туралы не айтасыз?

- Жыл өткен сайын ел чемпионатында қарымды қарсыластар көбеюде. Бұл әйелдер күресінің Қазақстанда қанатын кеңге жайып келе жатқандығын көрсетеді. Әрине, қуанышты жағдай. Жастар құрамасындағы қыздарымыз бәсекеге қабілетті және елімізді әлемдік аренада таныту жолында тынбай еңбек етіп жүр. Қыздар күресінің өкілдері еліміздің абыройын асқақтата түсетін сәт те алыс емес. Сөз орайы келгенде бізге жақсы жағдай жасап, қыздар күресінің дамуына бар күшін салып жатқан басшылыққа алғыс айтқым келеді.