«Қайсар» футбол клубының директоры Руслан Балтиев nur.kz сайтында ұйымдастырылған онлайн-конференциядағы оқырмандардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды клубтың ресми сайты.

Әлбетте жанкүйерлер тарапынан әртүрлі тақырыптарда небір сауалдар жолданған болатын. Алайда nur.kz тілшісі жолданған сауалдардың барлығын іріктеп, төмендегі сұрақтарды таңдады.

1. «Қайсар» футбол академиясының жағдайы қалай? Алты жастағы ұлымды футбол үйірмесіне берейін деп едім. «Қайсарда» мұндай мүмкіндік бар ма?Жауап: Биыл бізде футбол орталығы ашылды. Онда 1996-2005 жылғы балалар мен жасөспрімдер жаттығады. Яғни, барлығы 10 жас тобы. Ал биыл қыркүйек айынан бастап 2006 және 2007 жылғы балаларды жинау жоспарда бар. Міндетті түрде балаңызды алып келіңіз. Оны біздегі кәсіпқой жаттықтырушылар қарап, жаттықтырады. Жаттығулар дүйсенбіден басқа күндердің барлығында да таңертеңгі сағат 8:00-ден бастап өтіп тұрады.

2. Клубтың алдына биылдыққа қандай мақсаттар қойылған? Команда жүлделі орындарға таласа ала ма?Жауап: Клубтың алдына қойылған биылғы мақсат – жаңа қайсарлы, ең жоғарғы орындарға таласа алатын мақсаты зор ұжым құру. Сондай-ақ, әр ойында жеңіске жетуді көздейміз. Мейлі ол ресми кездесу болсын, мейлі жолдастық матч болсын, бәрібір – алаңға тек жеңіс үшін шығамыз. Биылдыққа алғашқы жетістігімізге де жетіп үлгердік. Яғни, Премьер-лиганың үздік алтылығынан орын алдық. Дегенмен, мұнымен тоқтап қалмаймыз. Турнирлік мақсаттардан бөлек, басқа да маңызды мәселелер бар. Атап айтсақ, инфрақұрылымды дамыту, өз жаттықтырушыларымызды дайындау, футбол орталығының жұмысын дұрыс жолға қою, жалпы Қызылорда облысындағы футбол қожалығын ретке келтіру деген сынды жұмыстар көп. Қызылорда облысының әкімі бекіткен жоспар бойынша болашақта Орталық стадион мен оның қосалқы алаңы қайта жөндеу жұмыстарынан өтеді. Одан бөлек, 3 000-5 000 көрерменге арналған футбол манежі, жаңа футбол аренасы және клубтың заманауи үлгідегі жаңа базасы салынады.

3. «Қайсар» футбол клубы ойыншыларының орташа жалақысы қанша? Әлбетте, түсінем, бұл құпия ақпарат. Дегенмен, жекелеген ойыншылардың емес, жалпы командадағы орташа айлықты білгім келіп еді.Жауап: Шынын айтсам, бұл сұрақты сыпайылыққа жатпайды деп ойлаймын. Бірақ былай деп жауап берер ем, соңғы 2-3 жылда жүлдеге таласып жүрген клубтармен салыстырғанда біздің ойыншылардың табысы әлдеқайда аз.

4. Эстония ұлттық құрамасының екі ойыншысы Хунт пен Мошниковты командаға қалай шақырта алдыңыздар? Струковты Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетуге лайық деп ойлайсыз ба?Жауап: Эстония құрамаларының ойыншыларын бізге Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында қарап көруге ұсынды. Бапкерлер алқасы екеуін де біраз уақыт сынап көріп, келісімшартқа отыру туралы шешім қабылдады. Сергей Струков жайлы айтар болсам, ұлттық құраманың бапкерлер алқасы өте білікті. Кімдерді бас командаға шақыру керектігін солар шешеді. Егер Сергей Струков ұлттық құрамадан шақырту алып жатса, онда біз тек қана қуанамыз.

5. Руслан Тахирович, егер «Қайсар» чемпионаттың қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ілігіп жатса, келесі мақсаттар қандай болады? Келесі маусымда нені көздейсіздер? Клуб шетелден жаңа білікті ойыншыларды шақырта ма? Команданың жастар жағы қалай?Жауап: Алдымен осы маусымды аяқтап алайықшы. Алда бізді әлі көптеген маңызды ойындар күтіп тұр. Ал жаңа ойыншыларға келер болсақ, біз клуб құрамын күшейту үшін әрдайым жұмыстар жүргіземіз. Сондықтан, келесі маусымда жаңа ойыншылардың болуы хақ. Жастар? Олармен өте мұқият болуымыз қажет. Бұл тұрғыда қажырлы жұмыстар атқара бермекпіз. Егер бапкерлерді дайындау жүйесін дұрыс жолға қояр болсақ, онда олар әрі өздері де үйрене бермек, әрі жеткіншектерді де жаттықтыра береді. Барлығы оңды болса, көп ұзамай «Қайсарда» да, ұлттық құрамада да дарынды ойыншылар көбірек болады. Клуб өз тарапынан бапкерлердің біліктіліктерін арттыру үшін барлық қолдауды аямайды.

6. Армысыз! Қалай олайсыз, келесі жылы команданың негізгі құрамы сақтала ма?Жауап: Әлбетте, біз «Қайсарға» шын пайдасын тигізіп жүрген жігіттерді сақтап қалуға тырысамыз. Дегенмен, бәрі де футболшылардың осы маусымның қалған бөлігіндегі ойындарына байланысты болады. Жігіттер биыл қолдарынан келгендерін жасады. Алайда осымен тоқтап қалуға болмайды. «Қайсар» футболшыларына өзге клубтардың да қызығушылық танытып жүргендерін білеміз. Бірақ, неде болса, келесі маусымда «Қайсар» биылғыдан да қарымды болады деген үміттеміз.

7. Ал Таңат Нөсербаев, Абзал Бейсебеков, Бауыржан Исламхан, Бауыржан Жолшиев сынды футболшыларды «Қайсарға» тарта аламыз ба?Жауап: Шартты түрде кез-келген футболшыны шақыртуға болады – Исламханды да, Бейсебековті де, Жолшиев пен Нөсербаевты да шақырта аламыз. Дегенмен, дұрыс түсіну керек, бұл футболшылардың барлығының да қазіргі клубтарымен келісімшарттары бар. Тіпті, әлемдік жұлдызды да «Қайсарға» шақыртуға болар еді. Бірақ алдымен футболшының «Қайсарда» ойнауға деген ниетін білу керек. Одан бөлек, әр футболшының өз қаржылық талабы болады. Ойыншыны «Қайсарға» шақыру үшін оның қаржылық талабы мен клубтың мүмкіндігі сәйкес келуі тиіс. Және де қазіргі клубының қарсы болмауы да маңызды.

8. «Қайсар» атрибутикалары (мойынорағыш, футболка, телпек, саптыаяқ, вымпел, т.б.) толығымен қашан қымбат емес, қолжетімді бағада сатылымға түседі? Жауап: Биыл сатылымға клубтың атрибутикалары түсе бастады. Нақты айтсақ, мойынорағыштар, телпектер мен футболкалар және вымпелдер. Келесі жылы біз бұл ассортиментті ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бағасын да арзандатуға тырысамыз. Бұдан бөлек, бұл мәселені шешу үшін Қызылорда облыстық футбол федерациясы жанкүйерлерге арнап ақша бөлуде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші бірлесе отырып, біз жанкүйерлердің сұранымын қанағаттандырамыз.

9. Клуб қашан жанкүйерлерімен толыққанды байланыс орнатып, маркетингіміз «Қайраттыкі» секілді болады? Оның үстіне, клубта маркетолог бар...Жауап: Клубымыз биыл ғана Премьер-лигаға қайта оралғанын бәріңіз де білесіздер. Кейбір мәселелер жөнінде топ-клубтардан кемшін түсіп жататыны жасырын емес. «Қайраттыкі» секілді орасан маркетингтік бөлім үлкен қаржыны талап етеді. Мұншалықты қаржы «Қайсарда» әзірге жоқ. Дегенмен, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жанкүйерлерге келер болсақ, «Қайсардың» кез-келген фанаты команданың жаттығуын тамашалау үшін стадионға кіре алады. Мұндай мүмкіндік барлық клубта бірдей қарастырылмаған. Біздің футболшылар қызылордалық жанкүйерлермен байланыс орнатуға әрдайым қуанышты.

10. Чемпионаттың екінші кезеңінде клуб жанкүйерлерді команданың түздегі ойындарына апара ма? Жоқ болса, неліктен?Жауап: Биыл біз жанкүйерлерімізді «Қайсардың» түздегі екі ойынына апардық. Яғни, Ақтөбе мен Шымкентке барып қайтты. Екінші кезеңде де мұндай шараны ұйымдастыруға тырысамыз. Жанкүйерлерді сырттағы ойындарға апару үшін қосымша қаржы іздестіреміз.

11. Чемпионаттың үзілісі кезінде команда мен жанкүйерлер арасында кездесу бола ма? Жоқ болса, неліктен?Жауап: Жанкүйерлермен кездесуді біз ашық жаттығу барысында өткізіп, «Қайсардың» жаңа ойыншыларын көпшілікке таныстырғанбыз.

12. Таяу болашақта «Қайсар» футбол клубы жекешелендіріле ме?Жауап: Бұл сұраққа қазір жауап беруге дайын емеспін. Алдағы уақытта аймақ басшысымен кездесу кезінде осы мәселе де талқыланатын болады.

13. Гетериевпен хикаяны түсіндіріп бере аласыз ба? Командаға келіп, қайта кетіп қалуы неліктен?Жауап: Отбасылық жағдайына байланысты Қазақстанда тұрақты тұруға мүмкіндігі болмағандықтан «Қайсардан» кету туралы шешімді Қазбектің өзі қабылдады. Ойыншыны күштеп ұстауға болмайтынын түсіндік те, оған алғысымызды айтып шығарып салдық. Қазбекке жаңа командасында сәттілік тілейміз!

Ақпарат «Қайсар» футбол клубының ресми сайтынан алынды.