Ел чемпионы «Ақтөбе» УЕФА Еуропа лигасының плэй-офф кезеңіндегі алғашқы матчында өз алаңында польшалық «Легияны» қабылдады. Еуропа лигасында топ жаруға ниетті варшавалықтар Қазақстаннан жеңіс алып кетті.

Төреші Сергей Карасаев белгі бергеннен-ақ алаң иелері допқа басымдық танытып, қос қаптал арқылы ұмтылыс жасады. Ал польшалықтарға қорғануға тура келіп, алғашқы минуттарды допсыз өткізді. Қақпаға алғашқы соққыны да ақтөбелік ұжым жасады – Маркос Пизелли қақпаға жиырма метр қашықтықтан сол аяғымен Душан Куцяктың қырағылығын тексеріп көрді. Жергілікті жанкүйерлердің өкінішіне қарай, доп қақпадан әлдеқайда қиыс кетті.

Варшавалықтар бұған бірнеше минуттан соң ғана жауап қата алды. Қорғаушы Томаш Йодливец алыстан Сидельников иелігін нысаналады – доп діттеген жерден биік кетті. Бірнеше уақыттан соң стандартты шабуыл кезінде Йодливец тағы бір шабуылды желге ұшырды. Қорғаушылардың назарынсыз қалған Томаш басымен қақпаның жақын бұрышын көздеді. Бақытымызға орай, польшалық мүлт кетті. Бір қауіптің беті қайтты дей бергенде, қонақтар есепті ашатын тағы бір мүмкіндікке ие болды. Алайда «Легияның» шабуылшысы ұрымтал жерден бос қақпаны дәл көздей алмады. Осылайша бірінші таймның орта белінде Хеннинг Берг шәкірттері ойынды теңестіріп қана қоймай, басымдыққа ие болды.

Десек те, 22-минутта ақтөбеліктер де әдемі комбинация ұйымдастыра білді. Валерий Коробкин айып алаңында Марат Хайруллинге пас асырды, соңғысы допты Коробкинге қайта қалдырды, алайда ақтөбелік жартылай қорғаушы ұрымтал жерден допты қақпа маңдайшасынан жоғары жіберді.

34-минутта қонақтар қауіпті де жылдам қарымтал шабуыл жасады. Нәтижесінде Михал Кухарчик допты бос қақпаға тоғыта салған болатын – қапталдағы төреші жалаушасын көтерді. Польшалықтар қарымта шабуылдарымен жергілікті жанкүйерлердің жүйкесін жұқартты. Ал ақтөбелік футболшылардың алдыңғы шепте ісі өнбеді – бірде пасы дәл жетпесе, бірде қорғаушылар допты тартып алып жатты.

Тек командалар үзіліске кетер сәтте «Ақтөбе» Душан Куцяк қақпасына жақын тұста қауіпті айып добын тебуге мүмкіндік алды. Пизеллидің «тоғыздыққа» тепкен добын Куцяк керіле секіріп алып шықты. Ал бұрыштама доп ақтөбеліктерге пайда алып келген жоқ.

Жасыл алаңдағы «майданнан» кейін үзілісте «Ақтөбе» мен «Легия» жанкүйерлері арасында тартыс боп қалды. Абырой болғанда, тәртіп сақшылар уақытында араласты.           

Екінші тайм қонақтар үшін сәтті басталды. 48-минутта «стандартты» шабуылдан кейін Ондрей Дуда қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланып, Сидельников қақпасының кілтін тапты. Бұл голға ақтөбеліктер Неконың алыстан бағыттаған соққысымен жауап берді. Алайда қақпашы Куцяк допты кері қайтарды. Санаулы минуттан соң алаң иелері тағы бір қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Нәтижесінде Марат Хайруллин қақпашымен жалғыз қалған болатын. Бірақ оның алыс бұрышқа жіберген добы қақпадан бірнеше сантиметр қиыс кетті.

Владимир Газзаев шәкірттері шабуылда күшін арттырғанымен, шешуші сәтте ойдағыдай ойнай алмай жатты. Ал керекті нәтижеге қол жеткізген қонақтар бүкіл футболшысымен қорғаныста ойнады. Осылайша екінші таймның орта белінен бастап Сидельниковтен басқа ойыншылардың бәрі де «Легияның» жарты алаңында жүрді.

70-минутта Маркос Пиззели жойқын соққы жасады, бұл да қарсыласымыздың қақпасына қауіп төндіре алған жоқ. Ойынның соңғы жағында қақпаға доп сирек бағытталды. Ақтөбеліктердің жасаған ұмтылыстары қорғанысқа келгенде аяқталды, қонақтардың да қарымта шабуылдары нәтиже бермеді.

Осылайша, Куцяк қақпасына аз дегенде бір гол салуға лайықты болған «Ақтөбенің» енді топтық кезеңге өту мүмкіндігі жоқтың қасы.           

«Ақтөбе» – «Легия» 0:1 (0:0)

Голдар: 0:1 – Дуда 48

«Ақтөбе»: Сидельников, Мулдаров, Мирошниченко (Царикаев 32), Пиззели, Хайруллин (Айымбетов 68), Неко, Арзуманян, Тағыберген, Коробкин, Сантана, Антонов.

Резерв: Бекбаев, Шабалин, Левин, Зенькович, Кападзе.

«Легия»: Куцяк, Жуниор, Йодловец, Дуда, Бжиски, Кухарчик, Врдоляк, Жезничак, Брож, Радович, Жиро.

Резерв: Ялоха, Левчук, Сагановски, Косецки, Пинту, Рысковски, Са.

Төрешілер: С. Карасев, Д. Мосякин, М. Вилков (бәрі де – Ресей)

Ескерту алғандар: Коробкин 75