Тамыздың 30-ы мен қыркүйектің 4-і аралығында Астанада оқу-жаттығу жиынын өткізетін Қазақстан жастар құрамасы (U-21) «Еуро-2015» іріктеу додасына дайындықтарын пысықтайтын болады, ҚФФ ресми сайты.

Айта кетейік, қыркүйектің 4-i күні Саулюс Ширмялис шәкірттері елордамыздың «Астана-Арена»стадионында Франция ұлттық құрамасын қабылдайды. Бұл жастарымыздың осы іріктеу додасындағы соңғы ойындары. Қазақстан құрама командалар департаментінің директоры Владимир Нидергаустың сөзіне сүйенсек, жастарымызда доданың финалдық кезеңіне жолдама алатын теориялық мүмкіндіктері бар. 

- Жауапты ойын болғандықтан команда тыңғылықты дайындалуда. Әдемі, жарқын ойынымызбен жанкүйерлерімізді қуантқымыз келеді. Өкінішке қарай, жастар құрамасында жарақат алып қалған ойыншылар бар.

Командаға негізгі құрамнан Станилав Лунин («Қайрат») мен Григорий Сартаков («Ертіс») көмектесе алмайды. Екеуінің де дисквалификациялары бар, – деді Владимир Нидергаус.

Сонымен қатар, Саулюс Ширмялис тағы бірнеше ойыншыларынан қағылуы мүмкін. Яғни, кейбір ойыншылар 5 қыркүйек күні "Астана-Арена" стадионында өтетін Қазақстан және Қырғызстан ұлттық құрамалары арасындағы жолдастық кездесуге шақырту алулары ғажап емес. 

Бүгінде Қазақстан жастар құрамасы 10-топта 9 ұпаймен үшінші орында келеді.  

Сонымен, «Еуро-2015» іріктеу додасы аясында «Астана-Арена» стадионында 4 қыркүйек күні өтетін Қазақстан-Франция кездесуі сағат 20:15-те басталады. Келем деушілерге есік ашық!