Бұл күндері Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүрген Қызылорданың «Қайсары» оңтүстік астанамыздағы екінші жолдастық-бақылау кездесуін өткізді, деп хабарлайды «Қайсар» клубының сайты.

Бұған дейін команда Павлодардың «Ертісін» 1:0 есебімен жеңген. Бұл жолы «Атыраумен» кездесті. Ауа-райы да жанға жайлы болып, матчты тамашалауға келген көрермен ойыннан керемет әсер алып қайтты.

Ал «Қайсар» өткен ойындағыдай екі таймды екі құраммен өткізді. Жолдастық бақылау кездесуі болғандықтан арасында футболшылар бір-бірін алмастырып та отырды. Сонымен, бірінші таймда қақпаны Евгений Ширяев қорғады. Қорғаныс шебіне солдан оңға қарай Нұржарық Күнов, Милан Яблан, Алдан Балтаев және Рахымжан Розыбакиев орналасса, орталық жартылай қорғаушылардың міндетін Тұрарбек Қуанышбеков пен Валентин Фурдуй атқарып, қос қапталда Думан Нәрзілдаев пен Жасұлан Молдақараев ойқастады. Жалғыз шабуылшының міндетін Елжас Алтынбеков атқарғанымен оған Владислав Нехтий көмектесумен болды. Дегенмен, 20-шы минутта жарақат алып қалған Елжас ойынды жалғастыра алмай, орнын Сергей Остапенкоға босатты. Жалпы, бірінші таймда қарсыластар өте дөрекі ойнап, ойын ережесін жиі бұзды. Бірақ «Қайсар» қайтқан жоқ, «Атырау» футболшыларының дөрекі ойынына әдемі голмен жауап қайтарды. Шабуыл оң қапталмен басталған. 25-ші минутта Рахымжан Розыбакиевті алмастырған Дамир Дәуітов «Атыраудың» айып алаңына пас асырып, допқа бірінші болып жеткен Сергей Остапенко баспен әріптесі Илья Калининнің аяғына салып берді. Калина мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Бұл кездесудің 35-ші минуты болатын.

Үзіліс кезінде өзге футболшыларға да мүмкіндік беруді жөн көрген бас бапкер Дмитрий Огай команда құрамын түбегейлі өзгертті. Нәтижесінде қақпаға Кирилл Прядкин тұрса, қорғаныстан солдан оңға қарай Олжас Алтаев, Мартин Кляйн, Мамуту Кулибали, Дамир Дәуітов орналасты. Жартылай қорғаныс шебінде Антон Землянухин, Кирилл Шестаков, Сергей Струков, Илья Калинин ойнап, қос шабуылшының рөлін Сергей Остапенко мен Римо Хунт атқарды. Ал ойын сол қалпы «Қайсардың» шабуылдарымен өтті. Нәтижесінде Калининнің оң қапталдан ойқастаған шабуылын Сергей Струков жалғап, «Атыраудың» қақпасына қарай шірене бағыттады. Бірақ бұл жартылай соққы, жартылай пас болатын. Допқа қорғаушылармен қатар жеткен Римо Хунт ширақтық танытып, бір соққымен-ақ «теңбіл снарядты» қақпаға қақырата соқты. Есеп – 2:0.

Дегенмен, ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда «Атырау» есепті қысқартып кетті. Гол соққан Марат Шахметов. Қорытынды есеп – 2:1. Енді тамыздың 23-іне дейін Алматыда дайындықтарын жалғастыратын Дмитрий Огай шәкірттері Премьер-лиганың екінші кезеңіндегі алғашқы ойынын өткізу үшін Қарағандыға ұшады.

Айта кетейік, соңғы кезде Дмитрий Огай дубльдік командадағы Тұрарбек Қуанышбековке де алаңға шығуға мүмкіндік беріп жүр. «Ертіске» қарсы өткен ойында Тұрарбек алаңда бір тайм ойнаса, бүгін 25 минут доп тепті. Демек, бапкерлер алқасы жас футболшыға үміт артады деген сөз. Енді қалғаны Қуанышбековтың өзінде. Бапкерлерінің сенімін ақтайды деген үміттеміз.

 

Жолдастық кездесу.

«Қайсар» (Қызылорда) – «Атырау» - 2:1Голдар: Калинин, 35. Хунт, 75 – Шахметов, 92.«Қайсар» 1-ші таймда: Ширяев, Күнов, Яблан, Балтаев, Розыбакиев (Дәуітов, 25), Нәрзілдаев, Қуанышбеков (Шестаков 25), Фурдуй, Молдақараев (Калинин 25), Нехтий, Алтынбеков (Остапенко, 20).«Қайсар» 2-ші таймда: Прядкин, Алтаев, Кляйн, Кулибали, Дәуітов, Землянухин, Шестаков, Струков, Калинин, Остапенко, Хунт.

Ақпарат «Қайсар» футбол клубының ресми сайтынан алынды.