Елорда уақыты бойынша маусымның 21-нен 22-не қараған түні Египетте Африка кубогы басталады.

Біріншілік алдын-ала Египетте емес, Камерунда өтеді деп жоспарланған. Оның себебі, турнирге арнайы салынып жатқан стадиондардың құрылысы жоспарланған уақытта бітпеген. Жарысты өткізу Египетке сеніп тапсырылды.

Африка кубогына 24 команда қатысады. Әр топтан алғашқы екі орынды иемденген командалар мен үшінші орынды алған төрт үздік команда 1/8 финалға шығады.

Турнир басталмас бұрын басты интригаларға көз жүгіртіп өтуді жөн көрдік.

Египетті Салах сүйрей ала ма?

Өткен жылы Ресейде өткен әлем біріншілігінде Мохамед Салах бастаған Египет топтан шыға алмаған еді. Чемпиондар лигасының финалында алған жарақаты еркін көсілуіне көп кедергі болды. Ал, бұл турнирдің басты фавориті - Египет. Әрі, алаң қожайындары. Басты жұлдыз да өз бабында. Әйткенмен, бұл команда аяқ асты Салахтан айырылса қандай күй кешпек? Мохамедты алып тастасаң, ортаң қол команда болып шыға келеді. «Арсеналда» негізгі құрамға іліне алмай жүрген Мохамед Эль-Ненни жеңіске жетелей қоймас.

Мане Сенегалға тұңғыш Африка кубогын алып келе ме?