Мексикалық Сауль «Канело» Альварес пен қазақстандық Геннадий Головкин арасында үшінші жекпе-жек өткізуге байланысты келіссөздер басталғанымен, қос тараптың командасы бір ауыздылыққа келе алмауда, деп жазады Prosports.kz.

Дәл осы келіспеушіліктер мен кедергілер себебінен биыл қыркүйек айында жекпе-жек өтпей қалуы мүмкін.

Sports Illustrated шолушысы Крис Мэнникс сенімді дереккөздің мәліметіне сүйене отырып, қос команда арасында келіссөздер процесі басталғанын айтады. Алайда, тараптар жекпе-жек өтетін алаңды таңдауда келісімге келе алмай жатқан көрінеді.

Бұған дейін Головкин алғашқы екі кездесу өткен Лас-Вегаста жұдырықтасқысы келмейтінін бірнше мәрте айтқан. Ол Нью-Йорк немесе Техаста өнер көрсеткісі келеді. Ал «Канело» Лас-Вегастан басқа жерге барғысы келмейді.

Жақында мексикалықтың мүддесін қорғайтын Golden Boy промоутерлік компаниясы мәлімдеме жасайды деп күтілуде. Олар Сауль Альварес үшін Головкиннен басқа нұсқаларды қарастыруға дайын.

Айта кетейік, GGG мен «Канело» 2017 және 2018 жылдары жұдырықтасты. Біріншісінде тең тарқасты. Ал екіншісінде мексикалықтың жолы болды.