Футболдан Қазақстан Кубогының алғашқы жартылай финалдық кездесуі Алматыда өтті. Жергілікті «Қайрат» қарағандылық «Шахтерді» өз алаңында қабылдаған. Кездесу басталысымен Владимир Вайсстың командасы басымдыққа ие болды. Алматылықтар әдеттегідей қысқа пастермен шабуылдаса, «кеншілер» қарымта шабуылға иек артты. Алғашқы минутта-ақ «Қайраттың» қара маржаны Жерар Гоу қақпашы Мокиннің иелігінен осал жер тапты. Алайда қапталдағы қазы жалауын көтеріп, Гоудың ойыннан тыс қалғандығын көрсетті. Тура 20 минуттан кейін Бауыржан Исламханнан пас алған Сито Риера қақпаның жақын бұрышын дәл көздеді. Есеп - 1:0. Ал «Шахтер» ойыншылары таразы басын теңестіретін мүмкіндікті пайдалана алмады. Вичюстің әдеттегідей ауттан лақтырған добынан кейін, «Қайрат» қақпашысы Хомич допты қағып алуда қателесті. Покривач допты басымен қақпаға бағыттағанымен, оған дәлдік жетіспеді. Соғылған голдан кейін де Вайсстың шәкірттері екінші мәрте Мокинның осал жерін табуға тырысты. Алайда алғашқы таймдағы ұмтылыстары еш нәтиже бермеді.Екінші таймда да «Қайрат» футболшыларының алаңдағы басымдығы көрініп тұрды. Алаң иелерінің қанша гол соғатын мүмкіндіктері болғанымен, Мокин бүгін тамаша ойын өрнегін көрсетуде. Бірде Қуантаевпен жеке дара шыққан кезде командасын голдан құтқарса, енді бірде Сито Риераның соққысын қайтара білді. Екінші таймның орта тұсында Жерар Гоуды алмастырған Аслан Дарабаев «Қайрат» шабуылына жаңа серпін берді. Вайсстың «джокері» атанып кеткен Аслан 86-шы минутта екінші голды соқты. Исламхан айып алаңына еніп барып Асланға пас асырды, ол өз кезегінде қақпаның алыс бұрышын көздеп, Мокинді жерге отырғызып кетті. Осылайша «Қайрат» өз алаңында 2:0 есебімен жеңіске жетіп, финалға бір қадам жақындады. Алда қарымта кездесу күтіп тұр.

 

Қазақстан Кубогы. Жартылайфинал. Алғашқы кездесу

«Қайрат» - «Шахтер» - 2:0 (1:0)

Голдар: Риера 20, Дарабаев 86

«Қайрат»: Хомич, Қуантаев (Едигарян 86), Кислицын, Смақов, Плиев, Михалик, Бакаев, Исламхан, Исаэл, Риера (Лунин 64), Гоу (Дарабаев 78)

«Шахтер»: Мокин, Симчевич (Габышев 31), Малый, Масло, Порываев, Муртазаев, Вичюс, Байжанов, Покривац, Конысбаев, Топчагич (Жанғылышбай 74)

Төрешілер: Игорь Алешин, Андрей Попов (оба - Павлодар), Дмитрий Филоненко (Тараз)

Ескерту: Симчевич, Смақов, Михалик, Жанғылышбай

Алаңнан қуылды: Жанғылышбай

16 тамыз. Орталық стадион. Алматы